Қазақстан ТМД Кеңесінің отырысында туризм саласындағы ынтымақтастықтың басым бағыттарын айқындады

Ресей Федерациясының Сочи қаласында ТМД-ға мүше мемлекеттердің Туризм жөніндегі кеңесінің кезекті отырысы өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрінің орынбасары Ержан Еркінбаев қатысты.
Отырыста туризм саласындағы ынтымақтастықты кеңейтудің негізгі бағыттары қаралды. Атап айтқанда, ТМД аумағындағы туристік компаниялар арасындағы өзара ынтымақтастықты дамыту, келу және ішкі туризмді ілгерілету үшін қолайлы жағдай жасау мәселелері талқыланды.
Ержан Еркінбаев ынтымақтастықты нығайтуға тың серпін беретін үш негізгі бағытты атады. Олар: тау туризмін дамыту, цифрландыру және туризм саласындағы кәсіби білім беру жүйесін жетілдіру.
«Бүгінде ТМД елдерінде туризмді өңірдің басым бағыттарының біріне айналдыруға қажетті барлық алғышарттар бар. Бізде табиғи және мәдени мұра, заманауи курорттар, кәсіби мамандар, ең бастысы – ортақ тарих пен өзара сенім бар. Бірлесе әрекет ете отырып, ТМД кеңістігін тартымды туристік бағытқа айналдыра аламыз», – деді Ержан Еркінбаев.
Отырысқа Әзірбайжан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстанның туризм саласына жауапты ведомстволарының басшылары, сондай-ақ ТМД Атқарушы комитетінің өкілдері қатысты. Жиын қорытындысы бойынша Хаттамаға қол қойылды.
Сонымен қатар іс-шара аясында Ержан Еркінбаев Ресей Федерациясының Экономикалық даму министрі Максим Решетниковпен және Армения Республикасының Экономика министрлігіне қарасты Туризм комитетінің басшысы Лусинэ Геворгянмен екіжақты кездесу өткізді. Келіссөздер барысында туризм саласындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайтудың алдағы қадамдары талқыланды.