Ағайынды Мұқашевтар Абай облысында салынып жатқан ет комбинатына 7,7 млрд теңге инвестиция салды
Жаңасемей ауданының Шақаман ауылында заманауи ет комбинатының құрылысы басталды. Жобаны іске асырып жатқан «Eurasia Agro Semey» ЖШС құрылтайшылары – ағайынды Сайлау және Ерлан Мұқашевтар. Жобаның жалпы құны 7,7 млрд теңгені құрайды.
Кәсіпорын Австралия мен Еуропаның озық технологияларымен жабдықталады. Өндірістік кешен бір ауысымда 35 тонна ірі қара, қой және жылқы етін өңдеп, сапалы шұжық, консервіленген өнімдер, жартылай фабрикаттар мен жоғары санатты ет деликатестері шығарады. Сонымен қатар, бұл кешен тері-былғары өндірісіне қажетті шикізатты да ұсынады, яғни толық өндірістік тізбек, экожүйе қалыптастырылады. Қалдықсыз технологияларды қолдану арқылы кәсіпорын барлық экологиялық талаптарға сай жұмыс істейді.
Өндірістік кешенді 2026 жылдың тамыз айында іске қосу жоспарланған.
Ағайынды Мұқашевтар өздерінің бұл жобасы арқылы Абай облысы кәсіпкерлеріне жолданған үндеуді қолдайтынын білдіреді және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосуға дайын екендіктерін айтады.