Абай облысында шегірткеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары күшейтілді
Абай облысында шегіртке зиянкестеріне қарсы залалсыздандыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы аймақ басшысы Берік Уәлидің төрағалығымен өткен облыс әкімдігінің отырысында айтылды.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, өңірде залалсыздандыру шаралары 19 мамырда басталған. Қазіргі таңда итальяндық прус пен азиялық шегірткелердің таралуын азайту мақсатында 9 ауданда химиялық өңдеу жүргізіліп жатыр. Бүгінге дейін 209,57 мың гектар аумақ тексеріліп, 11,37 мың гектар жер залалсыздандырылған. Бұл жұмыстарға 5 жерүсті бүріккіш, 3 аэрозольді генератор, 2 дрон және 1 жеңіл авиация тартылған.
Биыл өңірде шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жүргізілетін жердің көлемі 44,8 мың гектарды құрайды. Жалпы, зиянкестердің таралуын болдырмау мақсатында 1563,1 мың гектар аумақ зерттелуде. Алайда күннің ыстық болуы залалсыздандыру жұмыстарын жүргізуді қиындатқан. Отырыста осы іске жұмылдырылатын техника санын арттыруға қатысты ұсыныс айтылды.
Жиын қорытындысында облыс әкімі шегірткеге қарсы шараларды күшейтуді тапсырды. Әсіресе, өңірде ауқымды қоғамдық іс-шаралар өтетін Абай және Ақсуат аудандарын ерекше бақылауды жүктеді.