Сенатта «жасыл» инвестициялар және Экологиялық кодексті іске асыру мәселелері талқыланады

Бүгін Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата Бюросының отырысы өтті. Онда депутаттар 5 маусым күні болатын Сенат отырысының күн тәртібін бекітті.
Соған сәйкес алдағы бейсенбіде сенаторлар «Қазақстан Республикасының аумақтық қорғанысы туралы» заңды және оған ілеспе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне аумақтық қорғаныс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қарайды. Бұл заңдар қоғамдық қатынастарды реттеуді және аумақтық қорғаныс саласындағы мемлекеттік саясаттың құқықтық негіздерін белгілеуді көздейді.
Сонымен қатар Бюро мүшелері Сенат Комитеттері осы аптада өткізетін іс-шараларды пысықтады. Олардың қатарында «Мемлекеттің «жасыл» инвестицияларды тартуды және қолжетімді үздік техниканы кеңінен қолдануды ынталандыру мен қолдау бөлігінде Қазақстан Республикасы Экологиялық кодексін іске асыру туралы» тақырыбына арналған Үкімет сағаты да бар.
Бұдан басқа, осы аптада депутаттар заң үстемдігі мен адам құқықтарының сақталуын қамтамасыз етуге, ғылыми-техникалық қызметті дамытуға, жоғары оқу орындарының экономиканың нақты секторымен байланысын арттыруға және басқа да тақырыптарға қатысты мүдделі тараптармен бірқатар кездесу өткізеді.
Сондай-ақ іс-шара барысында бұған дейін Парламент Мәжілісі қабылдаған заңдар жұмыс үшін Сенаттың Комитеттеріне бөлініп берілді.