Кеңейтілген аппараттық кеңес өтті
Облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен кеңейтілген аппараттық кеңес өтті. Жиында базарларды жаңғырту бойынша жол картасын орындау, мүгедектігі бар азаматтардың әлеуметтік инфрақұрылымын бейімдеу жөніндегі жұмыстар, «Құрбан айт» мерекесінің өңірде ұйымдастырылу мәселелері қаралды. Кеңеске облыстық басқарма басшылары, өңірлік департамент жетекшілері, ал аудан және қала әкімдері бейнережимде қатысты.
Облыстағы базарларды жаңғырту бойынша Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Айбек Рахымбеков баяндама жасады.
«Сауда қызметін реттеу туралы» Заң талаптарына сәйкес және Президент Әкімшілігінің тапсырмасына орай еліміз бойынша базарларды жаңғырту жоспарланған. Өңірде 23 базар жұмыс істейді, оның 12-сі Семей қаласында орналасқан. Қазіргі таңда облыс орталығындағы екі үлкен сауда орны жаңғырту жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуде.
Аймақ басшысы қала әкімі және полиция департаментіне базар иелерімен кездесіп, жаңғырту жұмыстарын жеделдетіп бастауды, соған орай түсіндірме жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Мүгедектігі бар азаматтардың әлеуметтік инфрақұрылымын бейімдеу бағытындағы жұмыстар туралы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Айман Нұрлыбекқызы баяндама жасады.
Абай облысында мүгедектігі бар азаматтар үшін инфрақұрылым нысандарын бейімдеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр. 2025 жылы 206 нысанды бейімдеу жоспарланған. Бүгінгі таңда 38 нысан толық бейімделген.
Аймақ басшысы жиында бұл бағыттағы жұмысты жандандыру бойынша нақты тапсырмалар берді. Аппарат басшысына жоспарды тиісті деңгейде орындамаған Жарма және Үржар ауданы әкімдерінің осы салаға жауапты орынбасарларының жауапкершілігін қарау туралы ұсыныс енгізуді тапсырды.
Кеңейтілген аппараттық кеңесте «Құрбан айт» мерекесін өңірде өткізу мәселесі де талқыланды. Семей қаласында мал соятын 3 орын, аудан орталықтарында 1 орыннан қарастырылған. Аймақ басшысы мал сою орындарындағы санитарлық-ветеринарлық нормалардың, өрт қауіпсіздігі сияқты талаптардың сақталуын қатаң қадағалап, мал саудасын тек арнайы белгіленген жерлерде жүзеге асыру қажеттігін айтты. Тиісті органдарға арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, халыққа кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.