Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев ҚХА және діни бірлестік өкілдерімен кездесті
Қазақстан Республикасы Президентінің Кеңесшісі Мәлік Отарбаев Абай облысына жұмыс сапары барысында Рымбек Баисеитов атындағы қаржы-экономикалық колледжінде Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері және өңірдегі діни бірлестіктердің өкілдерімен кездесу өткізді.
Жиынға этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, Ассамблея мүшелері мен дін саласының қызметкерлері қатысты. Кездесу барысында қоғамдағы татулық пен тұрақтылықты сақтау, ұлтаралық және дінаралық келісімді нығайту мәселелері кеңінен талқыланды.
Президент кеңесшісі Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтай аясында алға қойған міндеттеріне тоқталып, елдегі қоғамдық келісім мен бірлікті сақтаудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, қатысушыларға этносаралық қарым-қатынасты нығайту, діни толеранттылықты арттыру бағытындағы ұсыныстарын ашық жеткізуге мүмкіндік берілді.
Кездесу ашық пікір алмасу алаңына айналып, қоғамдағы бірлік пен бейбітшілікті сақтау жолындағы өзекті мәселелер бойынша ортақ шешімдер қарастырылды.