Президент кеңесшісі Абай облысына келді
Бүгін Абай облысына Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев жұмыс сапарымен келіп, әлеуметтік сала қызметкерлерімен, құқық қорғау органдарының өкілдерімен, сондай-ақ білім беру мен дін саласының мамандарымен бірқатар кездесу өткізді.
Сапар аясындағы алғашқы жүздесу әлеуметтік сала өкілдерімен өтті. Мәлік Отарбаев жиын барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сәлемін жеткізіп, Ұлттық құрылтайдың IV отырысында көтерілген негізгі мәселелер мен стратегиялық бағыттар туралы кеңінен баяндады.
Сондай-ақ сапар аясында Президент кеңесшісі құқық қорғау және әскери құрылым өкілдерімен өткен кездесуге қатысты. Жиын барысында ол Мемлекет басшысы ұсынған «Заң мен тәртіп» қағидасының маңыздылығына ерекше тоқталды.
Кездесу кезінде облыстық прокуратура, полиция департаменті мен ішкі істер органдары ардагерлері кеңесінің өкілдері өңірде құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндама жасады.
Сапар барысында Мәлік Отарбаев Шәкәрім университетінің профессорлық-оқытушылық құрамымен және жас ғалымдармен, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясы мен діни бірлестіктер өкілдерімен кездесіп, қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайту мәселелерін талқылады.