Cемей30°С
Ауа-райы
  • Абай20°С
  • Аягөз15°С
  • Ақсуат17°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау13°С
  • Курчатов25°С
  • Көкпекті16°С
  • Үржар19°С
510.19 582.79 6.46

Қазақстан мал шаруашылығында толық өндірістік тізбек қалыптастыруда: шаруашылықтан бастап экспортқа дейін

4-06-2025, 18:19 Думан Кенжеғазыұлы

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен мал шаруашылығын кешенді дамытуға арналған кеңес өтті. Жиында жеңілдікпен қаржыландыру, импортты алмастыру және ветеринариялық қауіпсіздік мәселелері қаралды.

Асыл тұқымды мал шаруашылығы: жеңілдетілген несиелер мен жаңа талаптар

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалиннің айтуынша, етті мал шаруашылығында асыл тұқымды түрлендіруді қолдау мақсатында жылдық мөлшерлемесі 5% болатын жаңа жеңілдетілген несиелік өнімі әзірленді. Бұл фермерлерге өнімділікті, ет сапасын және төл алу көрсеткішін арттыру үшін аса маңызды асыл тұқымды аналық мал сатып алуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ осыған ұқсас шарттармен ет комбинаттары мен бордақылау алаңдарына айналым қаражатын толықтыру үшін несиелік өнім ұсынылды. Негізгі талаптардың бірі — ірі қара малдың кемінде 70%-ын отандық ет комбинаттарына өткізу және өңдеуші кәсіпорындардың терең өңдеу желісі болуы.

Әкімдіктер, «Атамекен» ҰКП және ветеринариялық қызметпен бірлесіп, жүргізілген комиссиялық тексерудің нәтижесінде, 128 бордақылау алаңының ішінен 28-і (жалпы сыйымдылығы 148 мың бастан аса), ал, 36 ет комбинатының ішінен 24-і талаптарға сай деп танылды.

«Осылайша, шаруашылықтан бастап, бордақылау алаңдарына, одан әрі ет комбинаттары мен экспорттық нарықтарға дейінгі өндірістік тізбек қалыптасуда. Әрбір кезеңде айналым қаражатының қолжетімді болуы жоғары қосылған құны бар өнім өндіруге мүмкіндік береді», — деді Аманғали Бердалин.

2025 жылға аустралиялық тәжірибені етті мал шаруашылығына енгізудің басым 10  жобасы айқындалды. Жобалардың жалпы құны – 27,4 млрд теңге. Алдын ала есептеу бойынша, бұл жобалар 50 мың тоннаға дейін ет экспорттап, 500 млрд теңге көлемінде табыс әкелмек.

Сүтті мал шаруашылығы: импортты алмастыруға басымдық

Сүт бағытын дамыту – басым бағыттардың бірі. 2023 жылы 69 тауарлы сүт фермасын салуға 100 млрд теңге бөлінді. Олардың күтілетін өндірістік көлемі – 423,7 мың тонна сүт. Қазіргі таңда 39 ферма пайдалануға берілді, қалған 30-ы жыл соңына дейін аяқталады.

Ветеринария: індеттердің төмендеуі және экспорттық әлеуеттің артуы

Елімізде мал ауруларының алдын алу шаралары нәтижесінде, 2023 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда эпизоотиялық жағдайлар (бруцеллез, құтыру, қарасан, күйдіргі бойынша) 68,1%-ға төмендеді. Жалпы соңғы үш жылда мал аурулары 49,1%-ға азайды.

Ветеринариялық жұмыстың тиімділігі қазақстандық өнімнің экспортына бірқатар шектеуді жоюға мүмкіндік берді: 

  • Қытай – құс тұмауы мен аусыл бойынша тыйымды алып тастады;

  • Ресей – оңтүстік-шығыс аймақ бойынша аусылға байланысты шектеуді жойды;

  • ЕО – 1,5 жылдық келіссөздерден кейін бал экспортына рұқсат берді;

Иранға тері, Грузияға тірі ІҚМ және ҰҚМ экспорты ашылды, Қытаймен құс еті бойынша хаттамаға қол қойылды.

Мамыр айында Қазақстан ветеринариялық сертификаттарға қол қойды:

  • Грузиямен – сойылған ІҚМ және ҰҚМ бойынша;

  • Иранмен – тұяқты жануарлардың жүні бойынша.

«2026 жылы Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымы тарапынан Қазақстанның солтүстік-батыс және орталық аймақтарын аусылдан таза аймақ ретінде мойындау мақсатында аудит күтілуде. Осыған байланысты барлық өңір әкімдіктері ветеринариялық нысандардың материалдық-техникалық базасын халықаралық стандарттарға сай деңгейге жеткізуі қажет», — деп атап өтті Бердалин.

Экспорт географиясын кеңейту жұмыстары жалғасуда – Қытаймен (ІҚМ терісі бойынша), Түркиямен (ет бойынша), Ауғанстан және Пәкістанмен (ет және сүт өнімдері бойынша) келіссөздер жүргізілуде.

Серік Жұманғарин жеңілдетілген несиеге үміткер барлық жобаны белгіленген талаптарға сәйкестігі тұрғысынан мұқият талдауды тапсырды. Сонымен қатар шұжық өнімдері, ірімшіктер, қышқыл сүт өнімдері сияқты импортқа тәуелді тауарларға ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив