Абай облысында жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу шаралары күшейтілді

Өңірде кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған кешенді іс-шаралар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте Абай облысы Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Бауыржан Садақбаев баяндады.
Спикердің айтуынша, аталған шаралар аясында ювеналды полиция қызметкерлері мен жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен түнгі уақытта заңды өкілдерсіз жүрген 1988 жасөспірім ұсталып, олардың 170 заңды өкілі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ көңіл көтеру орындарында жасөспірімдердің заңсыз қатысуына жол берген 45 мекеме иесіне де әкімшілік шара қолданылды.
Бұдан бөлек, есепке алынған жасөспірімдермен профилактикалық жұмыстар жалғасуда. Биылдың өзінде облыс бойынша 64 жасөспірім түрлі санат бойынша ювеналды тіркеуге алынып, тәртібі мен мінез-құлқы бақылауда ұсталып отыр.