Облыс әкімі: Тазалық жұмыстары тұрақты бақылауда болады
Облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен кеңейтілген аппараттық кеңесте «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасының өңірдегі іске асырылу барысы талқыланды. Бұл туралы облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Асқар Тұмарбек баяндады.
Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы облыста қарқынды жүзеге асырылып келеді. 2025 жылдың 5 сәуірінде басталған санитарлық-экологиялық екі айлыққа 227,3 мың адам, 10 275 ұйым және 4114 бірлік техника жұмылдырылды. 39,3 мың тонна тұрмыстық қалдықтар шығарылды. Сонымен қатар, 132,6 мың аула, 1939 саябақ пен гүлзар, 1193 ескерткіш тазартылып, 57 681 түп ағаш пен бұта отырғызылды.
Былтыр «Ғарыш Сапары» ғарыштық мониторингі арқылы облыста 200-ден астам рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері анықталған. Басқарма өкілінің айтуынша, бұл мәселе әлі де өзектілігін жоймай отыр.
Облыс әкімі «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясындағы екі айлық акция аяқталғанымен тазалық жұмыстары тұрақты бақылауда болатынын атап өтті. Аудан әкімдеріне аудан орталығымен шектелмей ауылдардың тазалығына жіті мән беріп, егілген ағаштарға күтім жасауды назарда ұстап отыруды тапсырды.