Cемей34°С
Ауа-райы
  • Абай20°С
  • Аягөз15°С
  • Ақсуат17°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау13°С
  • Курчатов25°С
  • Көкпекті16°С
  • Үржар19°С
511.77 593.19 6.41

Астанада Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясының ХIV отырысы өтті

Кеше, 13:31 Думан Кенжеғазыұлы

Астана қаласында Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен «ТURKTIME: парламенттік дипломатияның рөлі» тақырыбына арналған Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясының (ТүркПА) ХIV жалпы отырысы өтті.

Жиынға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев, Әзербайжан Республикасы Милли Меджлисінің төрайымы Сагиба Гафарова, Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің төрағасы Нурланбек Тургунбек уулу, Түркияның Ұлы Ұлттық Мәжілісінің спикері Нуман Куртулмуш, Өзбекстан Республикасы Олий Мажлисінің Заң шығарушы палатасының спикері Нуриддин Исмоилов және Солтүстік Кипр Түрік Республикасы Мәжілісінің төрағасы Зия Өзтүрклер, сондай-ақ депутаттар мен Түркі ынтымақтастығы аясындағы ұйымдардың және басқа да халықаралық бірлестіктердің жетекшілері қатысты.

Алдымен тараптар Ассамблея Кеңесінің отырысында бас қосып,  Әзербайжан Республикасы Милли Меджлисінің төрайымы Сагиба Гафарова ТүркПА-ға Әзербайжанның төрағалық еткен кезеңде атқарылған жұмысты қорытындылады. Сонан соң Әзербайжан тарапы төрағалық тізгінді Қазақстан Республикасына тапсырды.

Кеңесте ұйымға мүше парламенттер хатшылықтың өткен жылғы қызметі туралы есебін қарап, алдағы кезеңге жоспарларын айқындады.

Одан әрі талқылау ТүркПА-ның жалпы отырысында жалғасты. Жиынды ашқан Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов түркі мемлекеттерін бүгінде терең тарихи тамыры ғана емес, сонымен қатар мемлекет басшылары арасындағы берік достық, ортақ мүдделер мен мығым мәдени байланыс біріктіріп отырғанын атап өтті.

– Қазір түркі жұртының көші ілгері. Өзара татулық пен түсіністіктің арқасында елдеріміз өркендеп келеді. Бұл – ең әуелі біздің мемлекеттеріміздің басшылары жүргізіп отырған байыпты саясаттың нәтижесі. Президенттеріміз түркі интеграциясы бағытында орасан жұмыс атқарып жатыр. Әлемдегі геосаяси ахуал мың құбылып тұрғанына қарамастан, түркі елдері өсу мен өрлеудің құбыласынан, дамудың даңғыл жолынан жаңылған жоқ, – деді Палата спикері.

Бүгінгі отырыс «ТURKTIME: парламенттік дипломатияның рөлі» тақырыбына арналды. Ерлан Қошанов қазіргі аумалы-төкпелі заманда парламенттік диалог пен дипломатияға зор жауапкершілік жүктеліп отырғанына баса мән берді.

– Жаңа ғасырда парламенттік дипломатияның халықаралық қатынастардағы мәні арта түсті. Түркі дүниесінде де парламенттік дипломатия интеграцияның ажырамас бөлігіне айналды. Бұл ретте, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, ТҮРКПА-ның рөлі ерекше. Ұйымымыз заңнамаларды үйлестіретін институционалдық алаң ретінде толық қалыптасты. Осы орайда парламенттер арасындағы ықпалдастық сенім мен тұрақтылықтың берік тірегі деуге болады, – деді Е. Қошанов.

Сонымен қатар Мәжіліс спикері ТүркПА-ның қызметіне жеке тоқталып, парламенттік дипломатия арқылы халықаралық парламенттік ұйымдармен өзара ықпалдастықты күшейту, түркі елдерінің мүддесін алға тартып, басқа да форумдарда өкілдік ету, баршаға ортақ түркі мәдени мұрасын, дәстүрлер мен тілдерді сақтауға бағытталған бастамаларды ілгерілету және тәжірибе алмасу, тың идеяларды ортаға салу мақсатымен бірлескен парламенттік форумдар өткізу мәселесіне де назар аударды.

Сонымен бірге Ерлан Қошанов түркі парламенттерінің мақсат-міндеттері бұдан да ауқымды екенін айтты.

– Біздің парламенттеріміз де елдеріміздің ынтымағын тереңдетуге күш салып отыр. Аманат арқалаған депутат ретінде халықтарымыздың ниеті мен арман-мұратын жақсы білеміз. Әрине, ең әуелгі мақсатымыз – көшбасшыларымызға тірек бола отырып, тағдыршешті шешімдерді заңнамалық тұрғыда қолдау. Дегенмен Парламент заң қабылдайтын институт қана емес. Ол – ұлттарымызды ұйыстыратын, елдерімізді жақындастыратын, заңнамаларымызды үндестіретін алтын көпір. Біздің басты әрі тарихи миссиямыз осы деп ойлаймын, – деді Палата спикері.

Отырыста Түркі мемлекеттері парламенттерінің төрағалары мен байқаушылары және  түркі ынтымақтастығы ұйымдарының жетекшілері сөз сөйледі.

Сондай-ақ күн тәртібіне Қазақстан төрағалық ететін кезеңде бірқатар ұйымдастырушылық мәселе енгізілді. Ассамблеяның Бас хатшысы болып Әзербайжан Парламентінің депутаты Рамиль Хасан сайланды.

Сонымен қатар Ассамблеяда Құқықтық мәселелер және халықаралық қатынастар, Білім, мәдениет, әлеуметтік және гуманитарлық мәселелер, Экономикалық ынтымақтастық туралы және Қоршаған орта, табиғи ресурстар және денсаулық сақтау жөніндегі комиссиялардың есебі мен ұсынымдары қабылданды.

Бұдан бөлек, жалпы отырыста «ТҮРКПА-ға мүше мемлекеттерде тұруға рұқсат беруді жеңілдету туралы», «Мұғалімнің мәртебесі туралы», «Экономикалық қызметтегі таза энергия туралы», «Халыққа экологиялық білім беру және ағарту туралы» модельдік заң жобаларын қабылдады. Сондай-ақ пленарлық отырыс аясында парламентші әйелдер мен жас парламентшілер тобының жиындары өтті.

Жалпы отырыста ТүркПа-ның келесі XV басқосуын Қырғыз Республикасында өткізу туралы шешім шығарылып, Астана декларациясы қабылданды.

Соңында ТҮРКПА-ға мүше мемлекеттердің парламенттік делегацияларының басшылары мен ТҮРКПА-ның Бас хатшысы баспасөз брифингін өткізді.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив