Cемей33°С
Ауа-райы
  • Абай20°С
  • Аягөз15°С
  • Ақсуат17°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау13°С
  • Курчатов25°С
  • Көкпекті16°С
  • Үржар19°С
511.77 593.19 6.41

​​​​​​​Олжас Бектенов Иранның ауыл шаруашылығы жихады министрі Голамреза Нури Гезельджемен АӨК саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады

Кеше, 17:04 Думан Кенжеғазыұлы

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Иран Ислам Республикасының ауыл шаруашылығы жихады министрі Голамреза Нури Гезельдже бастаған делегациямен кездеті.

Кездесуге ҚР ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев, Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай және басқа да өкілдер қатысты.

Жиында сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Иран үкіметаралық комиссиясы 20-шы отырысының өзара тауар айналымын арттыру бойынша мемлекет басшылары деңгейінде қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру жөніндегі жұмыс нәтижелеріне назар аударылды.

Екі елдің ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту, атап айтқанда, ауыл шаруашылығы өнімдері бойынша сауда-саттықты арттыру және транзиттік-логистикалық инфрақұрылымды дамытуға жәрдемдесу жөніндегі тиісті ведомстволардың бірлескен жоспарлары қаралды. 

Қазақстан астық экспорты көлемін жылына 2 млн тонна бидай мен 1 млн тонна арпаға жеткізуді көздеп отыр. Биылғы 4 айда отандық АӨК өнімдерінің экспорты 3 есеге өсіп, $116 млн-ды құрады. 

Өз кезегінде ирандық тарап мал шаруашылығы мен құс шаруашылығы саласында тәжірибе алмасуға қызығушылық танытты. 

Қосылған құны жоғары ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыру келешегі зор бағыт саналады. Елімізде Kaz-Ir Agro компаниясының мақсары майын өндіретін және Solico Group фри картобын шығаратын зауыттарын іске қосу тәжірибесі негізінде инвестициялық ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды.

Көлік және логистика саласындағы өзара іс-қимылды талқылау барысында кездесуге қатысушылар Каспий теңізінің транзиттік әлеуетін арттыруға және «Солтүстік – Оңтүстік» көлік дәлізінің мүмкіндіктерін кеңейтуге бірлескен мүдделерін білдірді. Биылғы 5 айда Қазақстан арқылы аталған бағыт бойынша жүк тасымалдау көлемі 74%-ға артып, 1,5 млн тоннаға жетті.

Кездесу қорытындысы бойынша екі елдің тиісті мемлекеттік органдары сауда-экономикалық ынтымақтастықты арттыру жөніндегі белгіленген жоспарларды жедел жүзеге асыру үшін жұмыс тобын құрғаны атап өтілді. 

Анықтама: 2024 жылы Қазақстан мен Иран арасындағы тауар айналымы $340 млн-нан асты. Осы жылдың 4 айында бұл көрсеткіш 78,3%-ға артып, $173,5 млн-ға жетті.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив