Cемей26°С
Ауа-райы
  • Абай20°С
  • Аягөз15°С
  • Ақсуат17°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау13°С
  • Курчатов25°С
  • Көкпекті16°С
  • Үржар19°С
511.92 588.91 6.44

Қазақстан энергетика саласындағы инвестициялық әлеуетін кеңейтуде

Кеше, 13:55 Думан Кенжеғазыұлы

Қазақстан энергетика саласындағы инвестициялық әлеуетін белсенді түрде арттырып, ішкі және шетелдік инвесторларды тартуға бағытталған ауқымды бастамалар мен реформаларды жүзеге асыруда.

2024 жылы елде 30-дан астам Инвестициялар тарту жөніндегі кеңестің отырысы өткізілді, онда жалпы құны 10 млрд АҚШ долларынан асатын энергетикалық жобалар қаралды. Ерекше назар халықаралық келісімдер аясында іске асырылып жатқан газ және энергетика саласындағы стратегиялық жобаларға аударылуда. Мұндай жобаларды тиімді сүйемелдеу үшін инвесторлардың негізгі мәселелерін жедел шешуге мүмкіндік беретін Инвестштаб жұмыс істейді.

Ұлттық цифрлық инвестициялық платформадағы Біртұтас жалпыұлттық пул аясында жалпы құны 17 трлн теңгені құрайтын энергетика саласындағы 62 жоба қалыптастырылған. Оның ішінде 16 жоба 2024 жылы іске асыруға енгізіліп, олардың жалпы сомасы 4 млрд теңгеден асады. Бұл жобалар қатарында Жамбыл облысындағы күн электр станциясының құрылысы, бу-газ және су электр станцияларының құрылысы, ЖЭО кеңейту, сондай-ақ сұйытылған табиғи газ өндіретін зауыт құру бар.

Инвестициялық ахуалды жақсарту мақсатында Қазақстан пайдалы қазбалар саласындағы Жетілдірілген үлгілік келісімшарт сияқты жаңа тетіктерді енгізуде. Бұл келісімшартта мүлік салығынан босату, барлаудан өндіруге көшу рәсімдерін жеңілдету секілді реттеушілік және салықтық преференциялар қарастырылған.

Жаңартылатын энергия көздеріне (ЖЭК) ерекше көңіл бөлінуде. 2018 жылдан бері ЖЭК жобаларын іріктеу ашық халықаралық аукциондар арқылы жүргізілуде. 2025 жылғы маусымдағы жағдай бойынша жалпы қуаты 5725 МВт болатын сауда-саттық өткізілді, оған 13 елдің компаниялары қатысты. 2027 жылға дейін тағы 3440 МВт көлемінде қуатты аукцион арқылы тарату жоспарланып отыр, бұл инвесторларға ұзақ мерзімді жобаларды тиімді жоспарлауға мүмкіндік береді.

Электр энергетикасы саласында Бірыңғай сатып алушы базасында көтерме нарықтың жаңа моделі енгізілуде. Сондай-ақ «Жылу энергетикасы туралы» заң жобасы әзірленіп, еліміздің батыс өңірлерін Бірыңғай электр энергетикалық жүйеге қосу жұмыстары жалғасуда. Саланың 2035 жылға дейінгі даму жоспары бекітіліп, ол ашықтықты қамтамасыз етеді, тәуекелдерді азайтады және инвестициялар үшін қолайлы орта қалыптастырады, сонымен қатар «жасыл» трансформацияны қолдайды.

Осылайша, Қазақстан энергетика секторын жаңғырту мен осы салаға тұрақты инвестиция тарту үшін жүйелі тәсіл ұстанып отыр.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив