Сенат жанындағы Талдау мектебі: Harvard Alumni Kazakhstan-мен бірлескен оқыту курсы басталды

Астанада Coventry University-дің қолдауымен Парламент Сенаты жанындағы Талдау мектебі мен Harvard Alumni Kazakhstan компаниясының бірлескен оқыту курсы басталды. Жоба аясында алғашқы дәрісті Палата Төрағасы Мәулен Әшімбаев оқыды.
Сенат Спикері тыңдаушыларды жаңа курстың басталуымен құттықтап, екі апталық оқу кезеңі Палатаның тұрақты сарапшылар қауымдастығын қалыптастыру бағытындағы нақты жұмыстың жалғасы екенін айтты. Сондай-ақ ол әр саладағы сарапшылардың өз білімдерімен бөлісуге, тәжірибе алмасуға, сол арқылы құндылықтардың дұрыс жүйесін дәріптеуге дайын болуы және осы жолдағы белсенділігі ерекше маңызға ие екенін атап өтті. Мемлекет басшысының «Адал Азамат» тұжырымдамасы осындай қағидатқа табан тірейді.
«Әлемдегі жетекші университеттердің бірі – Гарвардтың түлектері өз білімдерімен бөлісіп, ашықтық пен жауапкершілік құндылықтарын дәріптейтін осындай бастамалардың маңызы зор. Бұл құндылықтар Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жариялаған «Адал Азамат» тұжырымдамасының да негізі екенін атап өткен жөн. Сарапшылар клубы және Талдау мектебі, жалпы Taldau Community сияқты жобалардың өзегі осындай бағдарларға табан тірейді. Біздің басты мақсатымыз – білім беру ғана емес, сонымен қатар, тәжірибе алмасатын, тың ойлар мен идеяларға жол ашатын және қоғамдағы оң өзгерістерге ықпал ететін интеллектуалды қауымдастық қалыптастыру», – деп, Мәулен Әшімбаев маңызды бастама үшін Harvard Alumni Community өкілдеріне алғыс білдірді.
Сенат жанындағы Талдау мектебі мен Сарапшылар клубы аясындағы оқыту кезеңдері сияқты, «Келіссөздер жүргізу шеберлігі: түсіну, ықпал ету, келісу» курсы да теория мен практиканың коллаборациясы екенін айта кеткен жөн. Екі апта ішінде тыңдаушылар әлемдегі ең тиімді тәсілдердің бірі саналатын Гарвард келіссөздер мектебінің әдістемесімен стратегиялық жоспарлау, менеджмент және әртүрлі коммуникация үлгілерін құру дағдылары бойынша білімдерін жетілдіреді. Сондай-ақ олар тиімді жағдайлармен танысып талдаулар жүргізеді және аналитикалық жұмыс туралы түсініктерін кеңейтеді.