Cемей24°С
Ауа-райы
  • Абай20°С
  • Аягөз15°С
  • Ақсуат17°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау13°С
  • Курчатов25°С
  • Көкпекті16°С
  • Үржар19°С
518.81 596.27 6.63

Сөніп бара жатқан үміт оты қайта тұтанған күн

21-04-2025, 14:37 Думан Кенжеғазыұлы

«Қойтастан жердің шеті көрінгенде,

Жас келді екі көзге мөлтілдеген...» — деп, елін он үш жыл көрмей, туған жерін сағына жырлаған Шұбартаулық ақын Төлеу Көбдіковтің осы бір өлең жолдары жүрекке жылы, сағыныш пен мұңға толы.

Өткен аптаның жұма күні, түстен кейін Шұбартау өңіріне жолға шықтық. Туған жерім – Аягөз ауданы болғанымен, Айғыз ауылынан әрі аттап басып көрмеппін. Сол сапар мен үшін ерекше әсерлі болды. Бұлақтар мен Аягөз өзені өтетін бұл кең өлке — жер көлемі жағынан облыстағы ең ірі аудандардың бірі. Республикалық маңызы бар «Қарағанды – Аягөз – Тарбағатай – Боғас» тас жолы дәл осы өңір арқылы өтеді. Сол күре жолдың шығыс бетінде менің туған ауылым Тарбағатай орналасса, батысында – қасиетті Шұбартау өңірі.

Төлеу ақын жырлаған қасиетті мекен – Шұбартауға табан тигізу бақыты бұйырды. Бұл өлкеден шыққан танымал тұлғалар легі аз емес. Солардың қатарында — Абайдың досы, шешен Бегеш Сабанұлы, халық ақыны Төлеу Көбдіков, халық жазушысы Мұхтар Мағауин, Абайдың шәкірті, ақын әрі композитор Уәйіс Шондыбаев, Ұлы Отан соғысының қаһарманы, Аягөзден шыққан жалғыз Кеңес Одағының Батыры Мұқатай Әбеулов, халық әртісі Бекен Жылысбаев, ақын-жазушылар Несіпбек Айтов пен Мыңбай Рәш, КСРО халық әртісі, композитор Еркеғали Рахмадиев сынды ел ардақтылары бар. Бұл тізімді жалғастыра беруге болады.

Осындай біртуарлар түлеп ұшқан Шұбартау, өкінішке қарай, бір кездері аудан мәртебесінен айырылып, назардан тыс қалған еді. Қазіргі жағдайы құдды бір Италияның қақ ортасындағы Ватиканды еске салады – ортасында, бірақ саяси, әлеуметтік салмақта шетке ысырылғандай күйде.

Алайда облыс әкімі Берік Уәлидің Шұбартауға сапары өңір халқына жаңа серпін берді. Осыған дейін бұл өлкенің шалғайына кеңес дәуірінен бері үлкен лауазымды тұлғалар аяқ баспаған екен. Соңғы рет 1980-жылдары сол кездегі Министрлер кеңесінің төрағасы Кешірімхан Бозтаев келген дейді көнекөздер.

Сапар барысында ең өзекті мәселе – жол жайы көтерілді. 1974 жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген Аягөзден Шұбартауға апаратын жол ауыл халқының басты уайымына айналған. Осы жолмен қаншама тағдырлар өтіп, қаншама арман шөліркеп қалған. Облыс әкімі бұл мәселені назардан тыс қалдырмай, жолды өз бақылауына алатынын мәлімдеді. Баршатас пен Малкелді арасындағы 45 шақырым жол биыл асфальтталады. Келесі кезеңде жалғасып, бұл мәселе түбегейлі шешімін табатын болады. Тіпті Баршатастан Абай ауданына апаратын төте жол да назарға ілінді.

Аймақ басшысы ойқыш-ойқыш жолмен арнайы жеңіл көлікпен жүріп өтіп, ҚазАвтоЖол өкілдерін сол маңға ертіп барып, есеп алып, нақты міндеттер жүктеді. Халықпен ашық кездесіп, елдің мұңын тыңдады. Үміт оты қайта тұтанғандай болды...

Бұл сапардан шалғайдағы ауылдарда да шет қалмады. Облыс әкімі Емелтау, Байқошқар, Малкелді сынды елді мекендерге арнайы барып, елдің көкейіндегі мәселелерге нақты жауап берді. Емелтаудың жырға айналған интернет мәселесі шешілетін болды. Цифрлық даму басқармасының басшысын арнайы ертіп әкеліп, ауыл халқымен жүздестірді. Байқошқарда су және спортзал мәселесі оң шешімін табады. Баршатас ауылына денешынықтыру-сауықтыру кешені салынатын болды.

Бәрінен бұрын, облыс әкімінің өзі айтқандай, енді Шұбартауға жиі тағы да арнайы барамын дегені – елге деген шынайы ниетінің белгісі деп қабылдадым. Төлеу ақын жырлағандай, ел мен жерге деген сағыныштың, үміттің, рухтың қайта жаңғыруы осы сапардан басталғандай. Шұбартаудың шежірелі тарихы мен болашағы қайта жаңғыру жолына түсті. Ұзағынан сүйіндірсін!

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив