Облыс әкімі Салқынтөбе ауылындағы медициналық пунктті тезірек іске қосуды тапсырды
Абай облысының әкімі Берік Уәли Жарма ауданының Салқынтөбе ауылындағы медициналық пункттің жұмысымен танысты.
Нысан «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында салынған. Бүгінде құрылысы толық аяқталып, заманауи медициналық құралдармен жабдықталған, электр және су жүйелері тартылған. Алайда ғимарат әлі қолданысқа берілмеген. Мекемені аудандық аурухананың теңгеріміне өткізу процесі жүріп жатыр.
Қазіргі уақытта ауылдағы дәрігерлер 1986 жылы салынған тұрғын үйге бейімделген ғимаратта жұмыс істеуде. Мұнда 240 тұрғын тіркелген. Енді сол мекемеде еңбек етіп келген 3 қызметкер жаңа ғимаратқа көшеді.
Аймақ басшысы жаңа медициналық пунктті аралап көріп, дәрігерлермен пікірлесті. Ғимарат электрмен жылытылады. Облыс әкімі электр қуатымен жылыту қымбатқа түсетінін айтып, салаға жауапты орынбасары Серік Төленбергеновке жобалық сметалық құжаттамасын дайындап, ауылда тұрған қазандыққа қосуды және осы жұмысты қадағалауды жүктеді. Денсаулық сақтау басқармасына жаңа нысанды тез арада қолданысқа беруді тапсырды.
Облыста «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 65 медициналық нысан салынды. Соның жетеуі Жарма ауданында бой көтерді.