Аймақ басшысы Әуезов кентіндегі әлеуметтік нысандардың тыныс-тіршілігімен танысты
Облыс әкімі Берік Уәли Жарма ауданының Әуезов кентіндегі бірқатар әлеуметтік нысандарда болды.
Аймақ басшысы әуелі «Аққу» бөбекжай-балабақшасына барды. Мектепке дейінгі тәрбие орны 2016 жылыБақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны» ЖШС-нің демеушілігімен толық жөндеуден өткізілген. Қазіргі таңда 140 орындық балабақшада 6 топ бар. Мұнда 2 жастан 5 жасқа дейінгі балалар тәрбиеленеді. Мекемеде 12 тәрбиеші қызмет атқарады.
Мұндағы өзекті мәселенің бірі – ата-аналар тарапынан баланың тамақтануына балабақшаға төленетін қаражат мөлшерінің аздығы. Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны» ЖШС-нің басшылығы осыны қайта қарап, көтеруді ұсынды. Бұл балабақшаның материалдық-техникалық базасын жаңарту және қосымша қажетті ресурстармен қамтамасыз етуге кедергі келтіріп отыр.
Аймақ басшысы бұл мәселені өз бақылауына алатынын, тиісті министрлікпен бірлесіп шешім қабылданатынын айтты.
Ауылдағы Мәдениет үйі 2021 жылы пайдалануға берілген. Нысан «Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны» ЖШС-нің демеушілігімен бой көтерген. Ғимаратта 400 орындық көрермен залы, 13 мың кітап қоры бар кітапхана және 9 үйірме бөлмесі бар. Би, шахмат, тоғызқұмалақ, вокал, фортепиано, домбыра және шешендік өнер үйірмелері жұмыс істейді.
Облыс әкімі Мәдениет үйін аралап, жұмысымен танысып шыққан соң ауылдың ақсақалдарымен кездесті. Ауданда атқарылатын жұмыстар туралы айтты.
Биыл ауданда 50-ге жуық отбасы қоныс тойын тойлайды. Қалбатау мен Жаңғызтөбе елді мекендерінде сумен жабдықтау жүйелері жаңғыртылады. Сұлусары ауылында су құбыры құрылысы аяқталады. Қалбатауда стадион, Жаңғызтөбеде спорттық модуль салынады. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Қалбатау мен Үшбиікте көшелер жөнделеді. Жаңғызтөбе – Жарық жолының жөндеу жұмыстары биыл аяқталады. Шуақ ауылында жылу жүйесі жаңартылады.
Аймақ басшысы кенттегі модульдік спорт залды да көрді. «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының демеушілігімен бой көтерген спорт кешені 2024 жылдың желтоқсан айында қолданысқа берілген. Спорт залының жалпы аумағы 1380 шаршы метр. Қазір мұнда ауыл жастары волейбол, футбол сияқты спорт түрлерімен шұғылданады.