Сенаторлар Үкіметтің және Жоғары аудиторлық палатаның 2024 жылғы бюджеттің атқарылуы туралы есептерін қарады

Парламент Сенатының Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда депутаттар Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның 2024 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін, бірқатар заңдарды және Жоғарғы Соттың судьясын қызметінен босату туралы мәселені қарады.
Үкіметтің есебін қарау барысында республикалық бюджеттің кірістері 97,2 пайызға атқарылып, 19,6 трлн теңгені құрағаны айтылды. Сонымен қатар аудиторлар бірқатар кемшіліктерді анықтады. Мәулен Әшімбаев атап өткендей, ең алдымен, Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді сапалы әрі нәтижелі іске асыру үшін бюджетті жоспарлауды жетілдіру керек.
«Біріншіден, тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз ету үшін бюджетті жоспарлау сапасын жетілдіру қажет. Бұл мәселе бюджеттің шығыс бөлігіне де, кіріс бөлігіне де қатысты. Екіншіден, бюджеттің кірістері мен шығыстары арасындағы теңгерімсіздік күшеюде. Былтырғы бюджетке салықтар толық көлемде түспегені белгілі. Соның салдарынан Ұлттық қордан алынатын трансферттердің көлемі өсіп отыр, үкіметтік борыш та ұлғайды. Үшіншіден, бюджеттің шығыс бөлігін бақылауға қатысты проблемалар әлі толық шешілген жоқ. Ұлттық жобаларды іске асыру барысында сапасыз болжау, мерзімдерді ұзарту және қаражатты тиімсіз пайдалану фактілері анықталды. Бұл мәселелерді шешу үшін биыл жаңа Бюджет кодексі қабылданды. Сондай-ақ келесі аптада жаңа Салық кодексін қараймыз. Осы негізгі құжаттар басқа маңызды заңдармен қатар ұлттық экономиканың серпінді және тұрақты дамуына ықпал етеді деп сенеміз», – деді Сенат Төрағасы.
Сенаторлар бизнесті қолдау шараларымен бірге бюджет шығыстарының тиімділігін арттырудың маңызды екеніне де назар аударды.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың әділетті, орнықты және инклюзивті Қазақстан құру жолындағы реформаларын іске асыру – бәріміздің ортақ міндетіміз. Сондықтан Үкімет мүшелері сенаторлар айтқан ұсыныстарды ескеріп, оларды назарға алады деп үміттенеміз. Бұл жолда Сенат реформаларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету арқылы Үкіметке қажетті қолдау көрсетуге дайын», – деді Палата Спикері.
Отырыс барысында Қаржы министрі Мәди Тәкиев, Ұлттық Банк Төрағасы Тимур Сүлейменов және Жоғары аудиторлық палатаның Төрағасы Әлихан Смайылов баяндама жасады. Сондай-ақ іс-шараға Премьер-Министрдің орынбасарлары, министрліктер, агенттіктер мен ұлттық компаниялардың басшылары қатысты.
Палата отырысында Сара Жармұхамбетованы Жоғарғы Сот судьясы қызметінен босату туралы ел Президентінің ұсынуы қаралды. Бұл мәселені Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитеті алдын ала талқылаған болатын. Соның нәтижесінде сенаторлар Мемлекет басшысының ұсынуын қолдау туралы шешім қабылдады.
Сондай-ақ депутаттар рақымшылық жасау, құқық қорғау органдарының қызметкерлерін әлеуметтік қолдауды арттыру және орман шаруашылығы мәселелеріне қатысты заңдарды қарады.
Сенаторлар атап өткендей, «Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заңның басты міндеті – сотталған адамдардың санын азайту, рақымшылыққа жатпайтын және жазасын өтеуді жалғастыратын адамдарды материалдық-тұрмыстық қамтамасыз ету деңгейін арттыру, қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлерінің жүктемесін азайту және жұмыс жағдайларын жақсарту. Одан бөлек, заң ұстау жағдайларына қойылатын медициналық-санитарлық талаптардың нормаларын жақсартуға және халықаралық-құқықтық стандарттарды енгізуге, оның ішінде түрмелердің камералық түрлеріне көшуге де оң әсерін тигізбек.
Талқылау кезінде рақымшылық азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне елеулі қатер төндірмейтін қылмыс жасағандарға ғана қатысты болатынына баса мән берілді. Сондай-ақ сотталғандарды, оның ішінде, пробациялық бақылаудағы адамдарды жазалаудың өтелмеген бөлігін қысқарту көзделген.
«Мемлекет басшысының тапсырмасымен бір топ Парламент депутаты әзірлеген бұл заң – Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына орай мемлекет тарапынан жасалған әділеттілік пен гуманизм принциптерін біріктіретін маңызды саяси-құқықтық қадам. Рақымшылық барысында қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндірмейтін қылмыстар жасаған әлеуметтік жағынан осал адамдарға басымдық беріледі. Заңда рақымшылық қолданылмайтын нақты қылмыстық құқық бұзушылық құрамдары да белгіленді», – деді Сенат Төрағасы.
Бүгін Палата депутаттары төтенше жағдай қызметтері мен құқық қорғау органдарының қызметкерлерін және олардың отбасы мүшелерін әлеуметтік қорғауды арттыруға арналған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметін жетілдіру, құқық қорғау органдарының, арнаулы мемлекеттік органдардың, азаматтық қорғау органдарының қызметкерлерін және әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету және әлеуметтік қорғау, сондай-ақ ішкі істер органдарының қызметі саласында артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды да қарады.
Нәтижесінде сенаторлар заңды қолдап, оған бірқатар түзету енгізуді ұсынды. Нақты айтқанда, құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік органдардың, азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері мен әскери қызметшілерге ағымдағы тұрғын үй төлемдерінің мөлшерін есептеу кезінде тұрғын үйдің шекті ауданын айқындауға қатысты нормалар қарастырылды. Осыған байланысты сенаторлар енгізген түзетулермен заңды Мәжіліске қайтару туралы шешім қабылданды.
«Қаралған заң қауіпсіздікті және заңдылықты қамтамасыз ететін органдар қызметінің тиімділігін одан әрі жетілдіруге бағытталған. Заң аясында мемлекеттің осы саладағы құқықтық саясатының негізгі мақсаттары, қағидаттары мен тәсілдері нақтыланды. Сондай-ақ құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік, азаматтық қорғау органдарының қызметкерлерін және әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз етуге қатысты жаңа нормалар енгізіліп отыр. Құжатта қоғамдық қауіпсіздікті күшейтуге арналған өзге де маңызды түзетулер бар. Заңды қарау кезінде сенаторлар жекелеген ережелерді нақтылауға арналған ұсыныстар берді. Жалпы, заң құқық қорғау институттарының тиімділігін, сондай-ақ, жауапты қызметте жүрген азаматтарымызды және олардың отбасыларын әлеуметтік қорғау деңгейін арттыруға тың серпін береді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар күн тәртібіне шығарылған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне орман шаруашылығы, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар және жеке кәсіпкерлік субъектілерінің міндеттемелеріне кепілдік беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң екі оқылымда қаралды. Сенаторлар бастамашы болған аталған заңның нормалары қоғамдық және мемлекеттік мүдделерді ескере отырып, Қазақстанның жер қорының жекелеген санаттарын пайдалану ерекшеліктерін нақтылайды. Бұл орайда елді мекендердің тіршілігін қамтамасыз етуді реттеудің жекелеген құқықтық тетіктері туралы, оның ішінде, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерлерінде (бұдан әрі – ЕҚТА) орналасқан әлеуметтік және стратегиялық объектілерді салуға, жөндеуге қатысты тұрғындардың проблемалық мәселелерін шешу жөнінде сөз болып отыр. Заңда әлеуметтік (емдеу және білім беру мекемелері, қазір бар зираттар) және инженерлік инфрақұрылым (кәріз-тазарту нысандары, электр беру желілері) объектілерінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін ЕҚТА жер учаскелерін ауыстыру мүмкіндігін көздейтін түзетулер де бар. Құжатта қарастырылған тағы бір маңызды жаңалық – ауылдық жерлерде жұмыс істейтін табиғат қорғау мекемелерінің қызметкерлеріне кемінде жиырма бес пайызға жоғарылатылған лауазымдық жалақының белгіленуі екенін атап өткен жөн.
Бұдан басқа, заңда жеке кәсіпкерлік субъектілеріне қарыздарға кепілдік беру тетіктерін кеңейту жөніндегі нормалар да қамтылған.