ҚР Туризм және спорт министрлігінде Грекия Парламенті делегациясымен кездесу өтті

Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінде Министрдің орынбасары Ержан Еркінбаев Грек Республикасының Парламентіндегі «Грекия – Қазақстан» достық тобының делегациясымен кездесті. Жиынға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Тілектес Адамбеков, Грек Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Эфталия Какиопулу, сондай-ақ Грекия Парламентінің депутаттары қатысты.
Кездесу барысында туризм саласындағы ынтымақтастық, бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, мәдени бағдарламаларды кеңейту, жастар бастамаларын, білім беру саласындағы өзара алмасу мәселелері сияқты екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелері талқыланды. Сонымен қатар Қазақстанның туристік инфрақұрылымына грек инвестицияларын тарту, тұрақты туризм бағытында тәжірибе алмасу және ұлттық туристік өнімдерді халықаралық деңгейде дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Тараптар экономикалық және технологиялық ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссия жұмысының нәтижелерін талқылап, Афиныда өтетін комиссияның 6-отырысына дайындықты күшейтуге ниетті екендерін білдірді.
Ержан Еркінбаев Қазақстан мен Грекия арасындағы ынтымақтастықтың оң серпін алғанын атап өтіп, дегенмен туризм саласындағы әлеует толық іске аспай отырғанын жеткізді. Сонымен қатар екі ел арасындағы серіктестікті нығайтуға және ынтымақтастықтың жаңа бағыттары бойынша бірлесіп жұмыс істеуге мүдделі екенін айтты.
«Қазақстан тек инвестициялық мүмкіндіктер ғана емес, сонымен бірге өзара сенімге, тиімділікке және орнықты болашаққа негізделген жан-жақты серіктестікті ұсынады. Ортақ күш-жігеріміз ынтымақтастықты сапалы жаңа деңгейге көтеретініне сенімдімін», – деді Ержан Еркінбаев.
Кездесу соңында тараптар туризм және өзге де салалардағы екіжақты диалогты тереңдетуге және жаңа бастамаларды бірлесіп пысықтауға дайын екенін жеткізді.