Абай облысында мәслихаттың кезекті сессиясы өтті
Бүгін Семейде Абай облыстық мәслихатының кезекті жиырма сегізінші сессиясы өтті. Күнтәртібінде бірқатар маңызды мәселелер қаралды. Облыс әкімі Берік Уәли депутаттардың алдында өзіне жүктелген функциялар мен міндеттердің орындалуы туралы баяндады.
Аймақ басшысының айтуынша, 2024 жылдың қорытындысында жалпы өңірлік өнім көлемі 4,3% өсіммен 3,2 трлн теңгеге жетті. Жылумен, ауыз сумен қамту, жолдарды жөндеу, жаңа мектептер мен денсаулық сақтау нысандарын салу бағытында аймақта кешенді жұмыс атқарылып жатыр.
Биыл Семей, Курчатов, Аягөз қалаларының және Жарма ауданындағы Шуақ ауылының қазандықтарын және жылу желілерін жөндеуге 3,4 млрд теңге бөлінді. Халықты ауыз сумен қамту бойынша 26 жобаны іске асыруға (15 өтпелі, 11 жаңа) республикалық бюджеттен және арнайы мемлекеттік қордан 6,4 млрд теңге қарастырылды. Нәтижесінде 28 мыңнан астам адам ауыз сумен қамтамасыз етіледі.
Биыл «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 3 мектеп пайдалануға берілді. Облыстағы мектептердің 64-і бейімделген ғимаратта орналасқан, 3 апатты мектеп бар. 230 мектеп кешенді күрделі жөндеуді қажет етеді. Биыл 11 мектепке күрделі жөндеу жүргізіледі. Жарма ауданының Суықбұлақ ауылындағы апатты мектептің орнына 100 орындық жаңа мектеп құрылысының іргетасы қаланды. Ақсуат ауданындағы Екпін ауылында да мектеп салуды бастаймыз. Семейдегі апатты мектеп мәселесі де шешімін табатын болады. Аягөз ауданында көпсалалы аурухананың реанимациялық бөлімі ашылып, Семейде жаңа облыстық аурухананың құрылысы басталды.
Алдағы жылдары өңірде бірқатар ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру көзделуде. Қазіргі уақытта жалпы құны 2,7 трлн теңге болатын, 8 мың тұрақты жұмыс орнын құруға бағытталған 38 инвестициялық жобадан тұратын Бірыңғай пул қалыптастырылды. Кәсіпкерлер мен инвесторлар тарапынан өндірістік алаңдарға сұраныс көп. Осы ретте «Өндіріс» индустриялық аймағының аумағын 96 гектардан 600 гектарға дейін кеңейту бойынша жұмыстар атқарылып жатыр.
Сессияда бірқатар нормативтік-құқықтық құжаттарға өзгерістер енгізіліп, 2024 жылға арналған облыстық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есеп қаралып, бекітілді. Жиында депутаттар тарапынан білім, әлеуметтік сала, жолға қатысты депутаттық сауал жолданды.