Cемей25°С
Ауа-райы
  • Абай20°С
  • Аягөз15°С
  • Ақсуат17°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау13°С
  • Курчатов25°С
  • Көкпекті16°С
  • Үржар19°С
520.39 609.58 6.63

Парламент Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның 2024 жылға арналған республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін бекітті

Бүгін, 11:18 Думан Кенжеғазыұлы

Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошановтың төрағалығымен палаталардың бірлескен отырысы өтті. Онда депутаттар Конституциялық соттың жолдауын тыңдап, Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның өткен жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін бекітті.

Депутаттар алдымен Конституциялық Соттың «Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы» жолдауын тыңдады.

– Бүгінде бізге азаматтардан он жарым мыңнан астам өтініш келіп түсті, оның шамамен үштен бір бөлігі соңғы бір жарым жылға тиесілі. Басым бөлігі қылмыстық, әкімшілік, азаматтық,  жер, салық және әлеуметтік заңнаманың нормаларына қатысты. Сондай-ақ заңнаманы жетілдіру бойынша нақты ұсыныстар, қолданыстағы заңнаманың нормаларын құқықтық түсіндіру туралы өтініштер бар, – деді Конституциялық Сот төрайымы Эльвира Азимова.

Сондай-ақ ол конституциялық заңдылық көп жағдайда жоғары сапалы норма шығарумен байланысты екеніне назар аударды. Конституциялық Сот өз қызметін бастағаннан бері 400-ге жуық қаулы қабылдады. Қазір заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілердің нормаларын тексеру нәтижелері бойынша 14 қаулы орындалып жатыр.

Эльвира Азимова қазірдің өзінде депутаттар бастамашы болған бірнеше заң жобасында Конституциялық Соттың құқықтық ұстанымдары мен қорытындыларына қатысты заңнамалық ұсыныстар пакеті бар екенін атап өтті. Ол сондай-ақ заңнамалық бастама аясында ойын бизнесін реттеудегі құқықтық екіұштылықты жоюға, зейнетақы жинақтарын сақтандыру мен қорғауға және басқа да мәселелерге қатысты кодекстер мен заңдарға өзгерістер енгізуді ұсынды. 

Баяндамаларды тыңдаған соң парламентшілер Конституциялық соттың жолдауын назарға алды.

Бұдан соң Парламент депутаттары Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның 2024 жылға арналған республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін тыңдады. Қаржы министрі Мәди Такиев пен Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов баяндама жасады.

Мәжіліс депутаты Ұласбек Сәдібеков қосымша баяндамасында қаржының игерілуіне қарамастан, бюджет процесінің сапасы жеткіліксіз деңгейде қалып отырғанын, жүйелі проблемалар бар екенін баса айтты.

 – Экономикалық көрсеткіштер бұл үрдісті растайды. Жыл қорытындысы бойынша ішкі жалпы өнімнің өсімі 4,8 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш Үкімет болжаған деңгейден (5,3%) де, өткен жылғы нақты нәтижеден (5,1%) де төмен болып отыр. Бұл бюджет қаражатының нақты секторға жеткілікті деңгейде әсер ете алмағанын білдіреді. Мұның себептерін ең алдымен бюджеттің қалыптастырылуы мен орындалу сапасынан іздеу қажет, – деді Ұ.Сәдібеков.

Ұласбек Сәдібеков биылдан бастап жаңа редакциядағы Бюджет кодексі күшіне енгенін еске салды. Оның нормалары барлық деңгейдегі бюджет бағдарламалары әкімшілерінің қаражатты игермегені, жобаларды уақытында іске асырмағаны және нәтижесіздігі үшін жеке жауапкершілігін күшейтуге бағытталған. Сонымен қатар шығыстардың тиімділігін міндетті түрде алдын ала және кейінгі бағалау енгізілген.

 Сенат депутаты Сұлтанбек Мәкежанов та қосымша баяндама жасады.

 Талқылау барысында Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Татьяна Савельева республикалық бюджеттің кірістерінің қысқару мәселесін көтерді. Депутаттың айтуынша, 2023 жылмен салыстырғанда экономиканың өсімі 4,8 пайыз болғанымен, бұл көрсеткіш 1 триллион теңгеге азайған. Әсіресе, қосылған құн салығы айтарлықтай төмендеген (8,3 пайызға), оның ішкі жалпы өнімдегі үлесі 4,7 пайыздан 3,8 пайызға дейін азайған.

 Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров соңғы екі жылда Ұлттық даму жоспарында айтылған негізгі міндеттер орындалмай қалып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, биыл мемлекеттік қарызға қызмет көрсету және өтеу шығындары 6,1 трлн теңгені немесе барлық бюджет кірісінің 38 пайызын құрайды.

 – Ұлттық қордың қаражаты соңғы 10 жылда республикалық бюджеттің 30 пайызын жауып келеді. Мұнайға қатысты емес тапшылық жалпы ішкі өнімнің 8 пайызын құрайды. Жеке инвестициялардың үлесі азайып отыр, іскерлік ортаны нығайтудың орнына қосылған құн салығын қайтару үлкен проблема болып тұр. Бюджеттің атқарылуы стратегиялық міндеттерді шешуге емес, бюджеттің жыртығын жабуға бағытталған. Бұл ретте Үкіметтің қолында жаңа Бюджет кодексі, жаңа Салық кодексі, Ұлттық даму жоспары бар. Бірақ есепте ұсынылған материалдарда ұлттық перспектива көрінбейді, елдегі прогрестің нақты көрсеткіштері жоқ, – деді Е.Саиров.

Сондай-ақ депутаттар жауапты мемлекеттік органдарға нақтылау сұрақтарын қойды. Оның ішінде республикалық меншікті жекешелендіру ауқымы мен оның бюджет пен Ұлттық қордағы көрінісі арасындағы сәйкессіздік, жеке инвестициялар үлесінің қысқаруы, Үкіметтің инвестициялық белсенділікті қалпына келтіру және өндірісті қолдау шаралары, инфляцияны тежеудегі базалық мөлшерлеменің тиімсіздігінің себептері және басқа да мәселелер көтерілді.

Бұдан соң Парламенттегі алты саяси партияның фракциялары республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерге қатысты өз ұсыныстарын берді. Мәжілістегі Қазақстан халық партиясы, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы және «Ақ жол» партиясы фракциялары қарсы дауыс берсе, «Ауыл», Respublica және «АМАNАТ» фракциялары құжаттарды бекітуді қолдады.

«АМАNАТ» фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев жаһандық сын-қатерлерге қарамастан, Үкімет экономикалық өсімге қол жеткізіп жатқанын, өткен жылғы барлық әлеуметтік міндеттеме орындалғанын атап өтті. Сондай-ақ экономикада ішкі жалпы өнім 6 пайызға, Ұлттық қор мен алтын-валюта резервтері 112 млрд долларға өскен. Кәсіпкерлерге 1,2 трлн теңге көлемінде қосылған құн салығы қайтарылып, бюджетке 1,3 трлн теңге қосымша түсім түскен. Бұл ретте депутат халықтың әл-ауқатын арттыру Үкімет пен Парламенттің ортақ міндеті екенін және бұл бағыттағы жұмысты алдағы уақытта да депутаттар бірлесіп атқаруға дайын екенін айтты.

Талқылау қорытындысы бойынша парламентшілер Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның 2024 жылға арналған республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін бекіту туралы шешім қабылдады. Парламент мемлекеттік органдармен бірлесіп, анықталған проблемаларды шешу бойынша ұсыныстар әзірлеп, Үкіметке жолдады.

 Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан Республикасының орнықты дамуы саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттердің іске асырылуын мониторингілеу жөніндегі парламенттік комиссияның жаңартылған құрамы бекітілді. Оның құрамына бұрынғы депутаттар Асқар Садықов пен Гауһар Танашеваның орнына Мәжіліс депутаттары Серік Ерубаев пен Ирина Смирнова кірді.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив