«Қазақконцерт» 64-ші маусымын Гала-концертпен жапты

Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымы 64-ші концерттік маусымын сәтті аяқтап, көрермен назарына «GRAND FEST» музыкалық фестивалі аясында бірқатар концерттік бағдарламалар ұсынды.
29 маусым күні Астанадағы Амфитеатрда Гала-концерт өтті. Бұл кеште отандық эстрада жұлдыздары, танымал сахна шеберлері мен жас таланттар бас қосты.
Концерттік бағдарламада танымал композициялар, заманауи аранжировкалар, оркестрлік сүйемелдеу және ашық аспан астындағы мерекелік атмосфера ұсынылды. Іс-шараға «Қазақконцерттің» танымал солистері мен шығармашылық ұжымдары қатысты.
Атап айтсақ, Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісова, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Нұрлан Өнербаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары, Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрі, «Гүлдер» және «Бірлік»ансамбльдері, «TURAN» этно-фольклорлық ансамблі, «SAZ&SOUL» тобы және «Astana Musical» мемлекеттік театры өнер көрсетті.
Айта кетейік, ұжым 64-ші концерттік маусым аясында 82 концерт, 3 ірі шығармашылық жоба және көптеген мемлекеттік маңызы бар іс-шараларды ұйымдастырды. «Роза Бағланова» атындағы халықаралық вокалдық конкурсы, «Серпер» ұлттық өнер конкурсы және «Менің Қазақстаным» атты Шәмші Қалдаяқов әндерінің халықаралық фестивалі жүзеге асырылды.
Сонымен қатар, ұйым әртістері қазақ өнерін әлемге таныстыру мақсатында Франция, Ұлыбритания, Италия, Канада, Түркия, Испания, Чехия, Болгария, Беларусь, Мажарстан, БАӘ, Тәжікстан, Ресей Федерациясы, Түркіменстан, Грузия, Армения, Латвия және Әзербайжан секілді 22 шет мемлекетке гастрольдік сапармен барды.
«Қазақконцерт» 17 республикалық гастрольдік сапар барысында еліміздің түкпір-түкпірін аралап, ұлттық мәдениетті кеңінен дәріптеуге ықпал етті.
Сондай-ақ, «Қазақконцерт» әртістері мен шығармашылық ұжымдары «Қазақстанның халық әртісі», «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», «Ерен еңбегі үшін», «Барыс» ордені сынды 12 мемлекеттік марапатқа ие болды. Сонымен қатар әртістер «Қазақстан халқы ассамблеясына 30 жыл» төсбелгісімен марапатталды. Бұған қоса «Dala dauysy» және Америка, Ресей, Грузия мемлекеттерінде өткен 7 республикалық және халықаралық байқауларда жүлделі орындарға қол жеткізді.