Аймақ басшысы Бесқарағай ауданы тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады
Абай облысының әкімі Берік Уәли Бесқарағай ауданы тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауға келген азаматтар таза ауыз су, жолдарды жөндеу, көшелерді жарықтандыру және спорт нысандарының құрылысы мәселелерін көтерді.
Атап айтқанда, тұрғындар Кривинка, Мостик ауылдарына су құбырын тарту, Канонерка және Белокаменка бағытындағы аудандық маңызы бар жолды жөндеу, Долон, Канонерка ауылдарындағы көшелерді жарықтандыруға қатысты ұсыныстарын айтты.
Қоянбай ауылына спорт модулін салу, Бозталға дейінгі 18 шақырым жолды жөндеу секілді ұсыныстар да назардан тыс қалмады. Аймақ басшысы тиісті басқармаларға нақты тапсырмалар берді.
Азаматтарды қабылдау барысында облыс әкімі әр мәселені жеке бақылауына алып, тұрғындар көтерген өзекті мәселелерді кезең-кезеңімен шешуді жауапты сала басшыларына жүктеді.
Облыс әкімінің азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдауының алдында басқарма басшылары аудан тұрғындарын қабылдап, сауалдарына жауап берді.