Cемей17°С
Ауа-райы
  • Абай24°С
  • Аягөз16°С
  • Ақсуат18°С
  • Бородулиха22°С
  • Қалбатау20°С
  • Курчатов29°С
  • Көкпекті17°С
  • Үржар18°С
{m-rates-USD} {m-rates-EUR} {m-rates-RUB}

Қазақстан СІМ-де инклюзивті білім беру және мүгедектігі бар адамдарды қолдау мәселелері талқыланды

10-07-2025, 18:19 Думан Кенжеғазыұлы

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінде «Адами өлшем жөніндегі диалог алаңы» консультативтік-кеңесші органның кезекті отырысы өтті. Іс-шараға ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары, Қазақстанның Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың өкілдері, мүдделі министрліктер, қазақстандық құқық қорғаушылар мен үкіметтік емес ұйымдар, азаматтық сектор өкілдері, сондай-ақ іс-шара қонақтары – БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссарының басқармасы мен БҰҰ Даму бағдарламасының өкілдері бас қосты.

ҚР СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Алуа Надиркулова өз сөзінде Қазақстан Орнықты даму мақсаттарын (ОДМ) және мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі БҰҰ Стратегиясын іске асыру бағытында жүйелі қадамдар жасап жатқанына назар аударды. Аталған қадамдар «ешкімді артта қалдырмау» қағидасының шеңберінде бекітілген және Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында атап өткен Әділетті Қазақстан саясатының негізін құрайды. Елімізде 2024 жылғы желтоқсанда 2025-2030 жж. арналған Инклюзивті саясат тұжырымдамасы бекітілді, ол кемсітушілікті жоюға және мүгедектігі бар адамдардың өмірдің барлық салаларына толыққанды қатысуын қамтамасыз етуге бағытталған.

А.Надиркулова сондай-ақ Қазақстанның құқықтық базасын нығайту бойынша қабылдаған шараларын атап өтті: еліміз БҰҰ-ның Мүгедектердің құқықтары туралы және Бала құқықтары туралы конвенцияларына факультативтік хаттамаларды ратификациялап, Марракеш конвенциясына қосылды. Сонымен қатар 2023 жылы ҚР Президентінің жанындағы Халықтың әлеуметтік жағынан осал санаттарының құқықтары жөніндегі уәкіл тағайындалды.

Инклюзивті білім беру мәселесі бойынша ҚР Президентінің жанындағы Халықтың әлеуметтік жағынан осал санаттарының құқықтары жөніндегі уәкіл – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Кенжегүл Сейтжан инклюзивті білім беру саласында кадрларды практикалық тұрғыда даярлауды күшейту, психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация (ПМПК) қызметін жетілдіру, сондай-ақ инклюзивті саясаттың тиімділігін бағалауға арналған сапалы индикаторларды енгізу қажеттілігін атап өтті.

Отырыс барысында білім беру жүйесінің рөліне ерекше назар аударылды. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Гүлжан Жарасова 2025 жылы инклюзивті білім беру мектепке дейінгі ұйымдардың 70%-ында, орта білім беру ұйымдарының 90%-ында және техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының 81%-ында қамтамасыз етілгеніне назар аударды.

Мүгедектігі бар адамдардың (соның ішінде әйелдер, балалар және қарт адамдар) өміріндегі әлеуметтік қызметкерлердің рөлі мәселесін талқылау барысында «ҰКӘҚА» РҚБ атқарушы директоры Динара Есимова әлеуметтік қызметтің Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуге жан-жақты ықпал ететінін ескере отырып, «Әлеуметтік қызмет туралы» бөлек заңның қабылдану қажеттілігін атап өтті. Ол ұсынған заң әлеуметтік қызметкерлердің құқықтық мәртебесіне қатысты негізгі қағидаттар мен тәсілдерді айқындайтын, халықаралық тәжірибені ескеретін, сондай-ақ әлеуметтік қызметті ұйымдастыру мен дамытуға арналған.

Жалпы, күн тәртібіндегі мәселелер ашық әрі сындарлы форматта талқыланды. Қатысушылар адам құқықтарын қорғау тетіктерін одан әрі жетілдіру жөнінде пікір алмасуға мүмкіндік алды.

Анықтама: «Адами өлшем жөніндегі диалог алаңы» консультативтік-кеңесші орган 2013 жылы ҚР Сыртқы істер министрлігінің бастамасымен құрылған. Бұл алаң Үкімет пен азаматтық сектор арасындағы диалогты дамытуға арналған тиімді құрал ретінде өз қызметін атқаруда. Мұнда адам құқықтарын қорғау саласындағы өзекті мәселелер халықаралық ұйымдар байқаушыларының қатысуымен талқыланады.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив