Абай облысында 320 тұтынушының құқығы қорғалып, 24 млн теңгеден аса қаражат қайтарылды

Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Абай облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті қызметінің басым бағыттарының бірі тұтынушылардың құқықтарын қорғау болып табылады.
Қазіргі уақытта Қазақстанда тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселесі ерекше маңызға ие. Абай облысында осы саладағы жұмыстар қарқынды түрде жүргізілуде.
Өтініштерді қарау барысында заң талаптарына сәйкес келмейтін келісім-шарттар мен претензияға жауап берілмеуі, уәкілетті органның және тұтынушылық дауларды сотқа дейінгі реттеу субъектілерінің байланыс деректерін орналастырмау фактілері анықталды. Сонымен қатар, кейбір жеке кәсіпкерлер тұтынушырды сараптама жасау үшін өздеріне баруға мәжбүр еткен немесе сапасыз тауарлар жіберген. Бұл заңнамаға қайшы әрекеттер әрі тұтынушылардың құқықтарының бұзылуына әкеп соқады.
Департамент осы мәселелер бойынша тұтынушылардан түскен өтініш негізінде тексеріс жүргізіп, бірқатар құқық бұзушылықтарды анықтады.
Департамент қызметкерлері 2025 жылдың I жартыжылдығында 544 өтініш қарап, 320 тұтынушының құқықтарын қорғап, тауарларын айырбастап, қаражаттарын қайтарды. Барлығы I жартыжылдық бойынша 24 млн. теңге қаражат қайтарылды. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңын бұзған 11 жеке кәсіпкерге айыппұл салынды және 7 жеке кәсіпкерге ескерту берілді.
Департамент мемлекеттік қызмет көрсету саласында заңдылық пен әділеттілікті қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастыруда.
Сондай-ақ, тұтынушылардың өз құқықтары мен оларды қорғау тетіктері туралы хабардар болуын арттыру мақсатында департамент бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізеді (Instagram және Facebook желілерінде жеке парақшасы: @sauda.dep.abai).
Егер сіздің тұтынушы ретіндегі құқықтарыңыз бұзылса, ішкі сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау салаларында құқықтық немесе консультациялық көмек қажет болса, Сіз Семей қаласы, Абай көшесі, 99 мекенжайы немесе 8 (7222) 35-34-22 нөмірі бойынша, сондай-ақ https://t.me/kzpp_botтелеграм боты арқылы Абай облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне көмек сұрауға құқығыңыз бар.
Өтініштерді «E-Otinish» ақпараттық жүйесі арқылы беруге болады.
С. Нұртазин, Абай облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы