Cемей26°С
Ауа-райы
  • Абай24°С
  • Аягөз16°С
  • Ақсуат18°С
  • Бородулиха22°С
  • Қалбатау20°С
  • Курчатов29°С
  • Көкпекті17°С
  • Үржар18°С
{m-rates-USD} {m-rates-EUR} {m-rates-RUB}

Облыс әкімі Абай төбе би болған Қарамола қонысында болды

Бүгін, 12:46 Думан Кенжеғазыұлы

Қарамола – қазақтың құқықтық тарихында ерекше орны бар қасиетті мекен.

1885 жылы осы жерде – Шар өзенінің бойында Семей губерниясына қарасты бес дуанның билері қатысқан төтенше съезд өткен. Абай Құнанбайұлы Шыңғыс болысының «Құрметті қазағы» ретінде съезге шақырылып, кейін төбе би ретінде төрағалық етіп, өзі құрастырған 74 баптан тұратын «Қарамола ережесі» атты құқықтық құжатты таныстырған. Бұл – 19 ғасырда заман талабына сай қағаз бетіне түскен алғашқы қазақ заңдарының бірі ретінде тарихта қалды.

Абай дайындаған ереже әкімшілік, азаматтық және қылмыстық құқық нормаларын қамтыды. Ол дала заңы мен Ресей империясы заңдарының негізін үйлестіре отырып, қазақ қоғамының болмысына сай құқықтық жинақ ретінде қабылданды. Құжаттың түпнұсқасы 1886 жылы Қазан университетінің баспаханасында араб жазуымен басылып шықты.

Биыл осы тарихи оқиғаға биыл 140 жыл толып отыр. 1995 жылы Қарамола қонысына ескерткіш ретінде құлпытас орнатылған. 2021 жылы Қарамолаға баратын жол жөнделіп, ескерткіш маңайы абаттандырылған.

Жарма ауданы әкімдігі ереженің көшірмесін үлкен кітап ретінде басып шығарыпты. Абайдың 180 жылдық мерейтойы аясында Абай ауданында өтетін көрмеге апаруды жоспарлап отыр.

Облыс әкімі тарихи орынды аралап көріп, ескерткішті сақтау және насихаттау мәселесіне назар аударды.

«Абайды біз көбіне данышпан ақын, кемеңгер ойшыл ретінде танимыз. Бірақ ол төбе би ретінде қазақтың арғы-бергі жоралғыларын терең білген, сол білімін жүйелеп, жазбаша ережеге айналдырған реформатор-заңгер де болды. Сондықтан біз Абайдың ел көп біле бермейтін заңгерлік қырын да кеңінен насихаттап, төбе би болғанын айтуымыз қажет», – деді аймақ басшысы.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив