Абай облысында аудан-қала әкімдіктерінің жұмысы енді рейтингпен бағаланады
Абай облысында аудан және қала әкімдіктерінің рейтингтік жүйесі әзірленді. Әрбір әкімдікке индикаторлар бекітіліп, әр тоқсан сайын нәтижесі шығарылып, тұрақты талқыланады. Бұл облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін береді.
Бүгін облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен әкімдік отырысы өтті. Жиында облыстың 2025 жылғы
1-інші жартыжылдықтың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары, ұлттық және инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылуы, өңірдегі коммуналдық меншіктегі жағажайлардың санитарлық жағдайы және «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасын жүзеге асыру барысы мәселелері қаралды. Отырысқа аудан, қала әкімдері, басқарма басшылары, олардың орынбасарлары, өңірлік департамент жетекшілері қатысты.
Отырыста облыс әкімінің бірінші орынбасары Ербол Садыр өңірдің 1-інші жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық дамуы, инвестиция тарту бағытындағы жұмысты жетілдіру, аудан, қала әкімдіктерінің қызметі тиімділігінің рейтингтік бағалауы бойынша баяндады.
Өңірге инвестиция тартуға, жаңа жұмыс орындарын құруға байланысты терең талдаулар жасалды. Оның айтуынша, биылғы жылдың 1 жартыжылдығында облыс экономикасының өсуі 3,7% құрады. Өсім көлік саласында 119,6%, құрылыста 117,4%, байланыста 108,3%, ішкі саудада 108,3%, ауыл шаруашылығында 104,2%, өнеркәсіпте 101,1% қамтамасыз етілді.
Облыстар бөлінісінде ағымдағы жылдың 1 жартыжылдығында меншікті кірістердің орындалуы бойынша Абай облысы 1, бюджет қаражатын игеру қорытындысы бойынша 2 орында келеді.
Енді Абай облысында аудан-қала әкімдерінің жұмысы жаңа, рейтингтік жүйемен бағаланады. Жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары жартыжылдық қорытындысымен қалыптасқан рейтингтің нәтижесін жариялады. Оның қорытындысы бойынша Үржар ауданы, Курчатов қаласы мен Абай ауданы өздерінің индикаторларын жақсартып, алғашқы үштіктен көрінді.
Облыс әкімі жиында Үкімет белгілеген міндеттерді уақтылы жүзеге асыруға, өңірде тұрақты өсімді сақтауға қатысты нақты тапсырмалар берді.
Облыс әкімі экономикалық потенциалы бар болғанымен, рейтинг қорытындысында төменгі орын алған Аягөз, Бородулиха және Бесқарағай аудандары әкімдерінің салаға жауапты орынбасарларының тәртіптік жауаптылығын қарауды тапсырды.