Облыс әкімі жағажайларды ретке келтіруді тапсырды
Облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен әкімдік отырысында ұлттық және инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылуы, өңірдегі коммуналдық жағажайлардың санитарлық жағдайы және «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасын жүзеге асыру барысы қаралды.
Жиында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту», «Жайлы мектеп», «SMART CITY SEMEY» жобалары, ауыз су, жылу, кәріз жүйелері, тұрғын үй құрылысы, жолдарды жөндеу, көлік-логистиканы дамыту бағытындағы жұмыстар туралы облыс әкімінің орынбасары Серік Төленбергенов баяндады.
2023-2025 жылдарға арналған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасы аясында облыста 62 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысанының құрылысы аяқталды.
«Жайлы мектеп» жобасы аясында Семей қаласының Қарағайлы, Водный және Бесқарағай ауданының Бесқарағай ауылында мектептер салынды. Қазіргі уақытта Аягөз бен Семейде екі мектептің құрылысы жүріп жатыр.
Абай облысында ауызсу мәселесі әлі де өзекті. Қазіргі кезде қалаларда халықтың 94,3 пайызы, ауылдарда 92,7 пайызы таза ауыз сумен қамтылған.
Ауыз су мәселесін түбегейлі шешу үшін өңірде 33 жоба жүзеге асырылады.
Облыс әкімі Құрылыс, энергетика, көлік, сәулет және қала құрылысы, экономика мен бюджеттік жоспарлау, денсаулық сақтау және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармалары мен аудан, қала әкімдіктеріне ұлттық және инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуын ерекше бақылауға алуды, барлық нысандардың құрылысын уақытында әрі сапалы аяқтауды тапсырды.
Жиында облыстағы жағажайлардың санитарлық жағдайы және «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасын жүзеге асыру барысы туралы облыс әкімінің аппарат басшысы Эльдар Бақпаев баяндады.
Мемлекет басшысының Алакөлге қатысты сынынан кейін облыс әкімі аппаратының инспекторлары өңірдегі 24 коммуналдық жағажайдың санитарлық жағдайына мониторинг жүргізді. Жиында бірқатар аудан-қалалардағы жағажайлардың талапқа сай еместігі, Бесқарағай және Бородулиха аудандарындағы жағажайларда «Семей орманы» табиғи резерваты тарапынан заң талаптарының бұзылғаны атап өтілді.
Аймақ басшысы отырыс қорытындысы бойынша Қаржы, Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармаларына бірқатар нақты тапсырмалар берді. Коммуналдық жағажайлардың меншік иесін анықтап, рұқсат етілмегендерін тізімнен шығаруды, коммуналдық жағажайларды пайдалану ережелерін әзірлеуді және оларды кәсіпкерлерге жалға берудің мүмкіндігін қарастыру қажеттігін айтты.