Облыс әкімі Әзербайжан делегациясымен кездесті
Бүгін облыс әкімі Берік Уәли Қазақстан Республикасының Әзербайжан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Әлім Байелмен кездесті. Кездесуге Әзербайжан-Қазақстан Іскерлік кеңесінің төраға орынбасары, Түркі кәсіпкерлер қауымдастығы басқарма кеңесінің төрағасы Аслан Кунияров, Әзербайжан инвестиция холдингінің, Әзербайжан бизнесті дамыту қорының өкілдері қатысты.
Делегация Алакөл жағалауында халықаралық деңгейдегі емдеу-сауықтыру кешенінің құрылысын салу жөнінде ұсыныс айтып, инвестициялық жобаны таныстырды.
Инвесторлар Алакөлде жыл бойы жұмыс істейтін, бір мезетте 800 адамға дейін қабылдай алатын туристік нысан салуды жоспарлап отыр. Инвестиция көлемі – 20 миллион АҚШ доллары. Кешен іске қосылған кезде 200-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар, бұл жоба өңірдің туристік тартымдылығын арттырып, жергілікті бюджетке түсетін салық көлемін ұлғайтып, медицина мен демалысты тоғыстырған жаңа кластер қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Аймақ басшысы туристік жобаның өңір үшін маңызды екенін атап өтті.