Қазақ күресінен әлем чемпионаты: Астана 25 елдің жауынгер-әскери қызметшілерін қарсы алады

Елордада әскери қызметшілер арасында Халықаралық әскери спорт кеңесінің (Conseil International du Sport Militaire) қолдауымен қазақ күресінен I-ші әлем чемпионаты өтеді.
Біріншіліктің ашылуы 14 тамызда Qazaqstan жеңілатлетикалық спорт кешенінің базасында өтеді. CISM турнирінің ұйымдастырушылары – ҚР Қорғаныс министрлігінің Спорт комитеті, ҚР Туризм және спорт министрлігі және Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен Qazaq Kuresi қауымдастығы.
Әскери қызметшілер арасында қазақ күресінен өтетін I-ші әлем чемпионатында әлемнің 25 армиясының балуандары бағын сынайды. Қазақстанның намысын Қарулы күштер мен Мемлекеттік күзет қызметі құрамының мықты спортшылары қорғайды. Жекпе-жек ерлер арасында (55 келі, 60 келі, 66 келі, 74 келі, 82 келі, 90 келі, 100 келіге дейін және одан жоғары) және әйелдер арасында (48 келі, 52 келі, 56 келі, 60 келі, 65 келі, 70 келі, 77 келіге дейін және одан жоғары) 16 салмақ дәрежесі бойынша өтеді.
Қазақстан өткен жылдың мамыр айында Танзаниядағы Сonseil International du Sport Militaire 79-шы Бас ассамблеясында және конгресінде жекпе-жектің ең көне түрінің тұсаукесерінен кейін әскери қызметшілер арасында қазақ күресінен I-ші әлем чемпионатын өткізу құқығына ие болды.
Әлем чемпионаты Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына орайластырылған. Іс-шара аясында отандасымыздың өмірі мен ерлігіне байланысты бірегей құжаттар, фотосуреттер және артефактілер қойылатын тақырыптық көрме өтеді. Бұдан басқа, спорт форумының қонақтары қазақ мәдениетінің атмосферасымен таныса алады, яғни аренаның жанында киіз үйлер, ұлттық жәдігерлер мен дәстүрлі өнер үлгілері орнатылады.
Естеріңізге сала кетсек, Conseil International du Sport Militaire – Халықаралық Олимпиада комитетінен кейінгі екінші маңызды спорттық ұйым. Ол 140-қа жуық ел қарулы күштері өкілдерінің басын қосады.
Чемпионатты сәтті өткізу отандық күрес тарихында бетбұрыс жасауға ықпал етеді деп күтілуде, өйткені CISM қазақ күресін әлемдік армия турнирлерінің жыл сайынғы бағдарламасына, одан бөлек 2027 жылы АҚШ-та өтетін дүниежүзілік әскери ойындарға қосу мүмкіндігін қарастыруда.