Cемей16°С
Ауа-райы
  • Абай18°С
  • Аягөз19°С
  • Ақсуат17°С
  • Бородулиха20°С
  • Қалбатау20°С
  • Курчатов18°С
  • Көкпекті17°С
  • Үржар21°С
540.87 632.01 6.76

Жаңа оқу жылына дайындық мәселесі қаралды

Бүгін, 15:23 Думан Кенжеғазыұлы

Бүгін облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен кеңейтілген аппараттық кеңес өтті. Жиында 2025-2026 оқу жылына дайындық барысы және «Қарызсыз қоғам 2» жобасының жүзеге асырылуы талқыланды. Кеңеске облыстық басқарма басшылары, өңірлік департамент жетекшілері, сондай-ақ аудан және қала әкімдері бейнебайланыс арқылы қатысты.

2025-2026 оқу жылына дайындық жөнінде білім басқармасының басшысы Бауыржан Төленов баяндама жасады.

Қазіргі таңда Абай облысында жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары пысықталуда. Өңірдегі 758 білім беру ұйымында 166 мыңнан астам бала оқиды. Білім саласындағы өзекті мәселелерді шешу мақсатында «Абай облысының білім беру жүйесін дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған жол картасы» әзірленген. Жаңа оқу жылында 1-сыныпқа 10 155 оқушы қабылданбақ.

Облыстағы 365 балабақшада 25 мыңнан астам бала тәрбиеленуде. 3–6 жас аралығындағы балаларды қамту көрсеткіші – 100%, ал 2–6 жас аралығында – 90,9%. Қазіргі таңда кезекте 5,8 мың бала бар. Биыл жекеменшік балабақшалар есебінен 2470 жаңа орын ашылып, Мақаншы ауылында 140 орындық балабақша іске қосылды. Сонымен қатар, «Келешек мектептері» жобасы аясында 1500 орындық екі мектеп пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы екі мектеп ашылып, 300 орындық жаңа мектептің құрылысы басталады. Семейде қосымша 1000 орындық ғимарат салынып жатыр. Сондай-ақ үш апатты мектептің мәселесі шешіліп, құрылысы басталды. Жыл соңына дейін Оқушылар сарайы мен Қарашоқы шатқалындағы лагерь ашылады.

Облыста 33 колледж жұмыс істейді. Онда 21 139 студент білім алуда. Оқыту 159 мамандық пен 294 біліктілік бойынша жүргізіледі. 1090 педагог пен өндірістік оқыту шебері еңбек етуде. «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында 43 мамандандырылған сынып ашылды. Кадр тапшылығын шешу мақсатында «1000 көшбасшы» жобасы жүзеге асырылып, соның аясында 22 мектепке жаңа директорлар тағайындалмақ.

Әлеуметтік қолдау шаралары да жалғасуда. «Мектепке жол» акциясы аясында 1555 балаға материалдық, 52 балаға қаржылай көмек көрсетілді.

Облыс әкімі Берік Уәли білім беру нысандарын жаңа оқу жылына толық дайындау үшін бірқатар тапсырма берді. Атап айтқанда, жөндеу жұмыстарын 25 тамызға дейін аяқтап, қажет болған жағдайда үш ауысыммен жұмыс істеуді қарастыруды тапсырды. Сондай-ақ жылыту маусымына дайындықты, мектеп маңындағы жол қауіпсіздігін, білім ошақтарындағы қауіпсіздік жүйелерін қатаң бақылауға алуды жүктеді. Сонымен бірге жол ережелері бойынша рейдтер ұйымдастыруды және буллингтің алдын алу бағытындағы түсіндіру жұмыстарын күшейтуді міндеттеді.

«Барлық мектептердегі жөндеу жұмыстарын жаңа оқу жылы басталғанға дейін толық аяқтау қажет. Жылыту маусымына дайындықты қатаң бақылауға алыңыздар. Мектеп маңындағы жол қауіпсіздігіне назар аударып, жол белгілері мен қажетті құрылғылардың жай-күйін тексеріңіздер. 1 қыркүйектен бастап жол қауіпсіздігі бойынша рейдтер ұйымдастырылсын. Сондай-ақ Водныйдағы жаңа мектепке асфальт жабындысы төселіп, жол салынуы керек. Барлық мәселелер менің жеке бақылауымда болады», – деді аймақ басшысы.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив