Облыс әкімі экобелсенділермен кездесті
Бүгін облыс әкімі Берік Уәли өңірдегі экобелсенділер Дамир Айдынұлы мен Кербез Айдарбекқызымен кездесті.
Аймақ басшысы жастардың белсенділігі мен табиғатқа жанашыр көзқарасына ризашылығын білдіріп, өңірде экологиялық бастамаларға әрдайым қолдау көрсетілетінін атап өтті.
Жүздесу барысында жастармен экологияны сақтау, табиғатты қорғау, экотуризмді дамыту бағытында ұсыныстар айтылып, пікір алмасылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» бағдарламасы биыл Абай облысында ерекше қарқынмен жүзеге асып келеді. Тазалық шараларына қоғамдық бақылауды күшейту, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу, арнайы ескерту тақтайшаларын орнату, заң талаптарына сәйкес айыппұл салу және бейнебақылау камераларының санын арттыру бойынша жұмыстар атқарылуда.
2025 жылдың 5 сәуірінде басталған санитарлық-экологиялық акцияларға 227,3 мың адам, 10 275 ұйым және 4114 бірлік техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 39,3 мың тонна тұрмыстық қалдық шығарылды.
Сонымен қатар 132,6 мың аула, 1939 саябақ пен гүлзар, 1193 ескерткіш тазартылып, 57 681 түп ағаш пен көшеттер отырғызылды. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта қарқынды түрде жалғасатын болады.