Облыс әкімі «Агрофирма Приречное» шаруашылығының жұмысымен танысты
1993 жылы құрылған агрофирма мал және өсімдік шаруашылығын қатар дамытып отыр. Мұнда 3 мыңнан астам ірі қара бар. Соның ішінде қазақтың ақбас сиыры, әулиекөл тұқымы және тауарлы сиырлар өсірілуде. Кәсіпорында 110 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Жаңасемей ауданы Приречное ауылдық округі аумағында орналасқан шаруашылықтың егістік жер көлемі – 6 793 гектар. Биыл 1787 гектарға картоп, көкөніс және мал азығына қажет дақылдар егілген. Өнімдері сыйымдылығы 14 мың тонна болатын жеті қоймада сақталады.
Суармалы егіншілік саласында да шаруашылық озық тәжірибе көрсетуде. Қазір мұнда «Фрегат», «Valley», «Reinke», «Zimmatic» маркалы 36 заманауи суару қондырғысы бар. Биыл Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін негізге ала отырып, қосымша 600 гектарға суару жүйесі енгізілді.
Облыс әкімі Берік Уәли қазақтың ақбас сиыры және әулиекөл тұқымдары бағылатын жайылымдық жерлерді, картоп, сәбіз, сарымсақ, жүгері және қырыққабат өсіріліп жатқан алқаптарды, көкөністер сақталатын қойманы, заманауи техникалармен жабдықталған автопаркті аралап көрді.
Шаруа қожалығы бірнеше жылдан бері облыстық тұрақтандыру қорын көкөніспен қамтамасыз етіп келеді.
Шаруа қожалығы алдағы уақытта 5 мың басқа арналған бордақылау алаңын салуды жоспарлап отыр. Аймақ басшысы бордақылау алаңының құрылыс алаңына барып, нысанның алғашқы қазығын қақты. Ағайынды Мұқашевтердің айтуынша, жалпы құны 4 млрд теңгені құрайтын жоба келесі жылы аяқталады.