Бесқарағай жылқылары республикалық көрмеде топ жарды

Бесқарағай ауданының «Мукинов» шаруа қожалығының Байторы және Шойынқара жылқылары республикалық IV ат көрмесінде жүлделі бірінші орынға ие болды.
Аудан мақтанышына айналған Бесқарағай типтес Байторы мен Шойынқара аталық іздері 2022 жылы «Бесқарағай» деп аталатын қазақы жылқының жаңа типін қалыптастырған болатын. Генетикалық негізіне байланысты аталмыш қылқұйрықтарға Шойынқара және Байторы атаулары берілген. Олардың басты ерекшелігі – кез келген ауа райына төзімділігі, ірі денелі әрі етті-сүтті болуы. Тебіндегі айғырлары 700 келіге, биелері 600 келіге дейін жетеді. Сонымен қатар, бұл жылқылар мініске де, жегіске де шыдамды.
Селекция жұмысына Алматыдағы Қазақ ұлттық аграрлық университеті мен Семейдегі Шәкәрім университетінің ғалымдары үлес қосты. Айта кетерлігі, қазақы жылқыларды будандастыру арқылы жаңа тип шығару ісі 1968 жылдан бастау алған.