Аягөз ауданында 10 төсектік реанимация бөлімшесі салынды
Облыс әкімі Берік Уәли Аягөз қаласындағы орталық аудандық аурухана жанынан салынған реанимациялық бөлімшенің құрылысымен танысты.
Аудандық аурухана 1976 жылы пайдалануға берілген. Медициналық нысан 220 төсек-орындық стационарымен және ауданға қарасты емдеу мекемелерімен халыққа қызмет көрсетіп отыр. Мұнда 800-ге жуық адам жұмыс істейді. 50 мыңға тарта тұрғын тіркелген.
10 төсекке арналған жаңа реанимациялық бөлімшенің құрылысы 2024 жылы басталған. Ғимарат «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында салынды. Реанимация бөлімі бұған дейін аурухананың бейімделген бөлмесінде орналасқан болатын. Енді жаңа нысанда оқшауланған палаталар, диализ бөлмесі, бейнебақылау жүйесі, қан сақтау қоймасы, дәрігерлерге арналған қосымша бөлмелер болады.
Сонымен қатар, нысан жасанды тыныс алдыру аппараттары, мобильді рентген, жоғары сапалы ультрадыбыстық құрылғы, видеофибробронхоскоп, дефибрилляторлар және басқа да заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілмек. Бұл жабдықтар реанимациялық көмектің сапасын едәуір арттыруға және науқастарға дер кезінде әрі білікті медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Жаңа бөлімшеде жыл сайын шамамен 500 науқас, оның ішінде 60-қа жуық бала ем қабылдайды. Алдағы уақытта ауруханаға магнитті-резонанстық томограф орнату үшін жапсаржай салу жоспарланып отыр.
Нысанды аралап көрген облыс әкімі жаңа бөлімшенің аудан тұрғындары үшін маңызын атап өтті.