Шар қаласында жаңартылған Мәдениет үйі ашылды
Республика күні қарсаңында Жарма ауданының Шар қаласында күрделі жөндеуден өткен қалалық Мәдениет үйі пайдалануға берілді. Ашылу салтанатына облыс әкімі Берік Уәли, зиялы қауым өкілдері және жергілікті тұрғындар қатысты.
Шар қалалық Мәдениет үйі 1960 жылы бой көтерді. Соңғы рет нысанға 2002 жылы жөндеу жүргізіліп, сыртқы қаптамасы жаңартылып, едендері ауыстырылып, су жүйесі тартылған болатын.
Биыл «Жол картасы» бағдарламасы аясында облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, ғимаратқа толық күрделі жөндеу жүргізілді. Шатыры ауыстырылып, барлық терезе, есік және еден жабындары жаңартылды. Су, жылу және кәріз жүйелері ауыстырылып, жаңа жылу қазандығы іске қосылды. Сахна кеңейтіліп, заманауи жарық және дыбыс құрылғылары, сондай-ақ LED экран орнатылды. Қосымша бөлмелер салынды.
Айта кетейік, биылғы маусым айында аймақ басшысы Жарма ауданына жұмыс сапарымен келгенде Шардағы Мәдениет үйін аралап, мердігер компанияға жөндеу жұмыстарын сапалы әрі уақытында аяқтауды тапсырған болатын.
Облыс әкімі елді мекен тұрғындарын маңызды мәдени нысанның қайта ашылуымен құттықтады.
Жергілікті тұрғындар Мәдениет үйінің жаңғырып, қайта ашылуын жылы қабылдап, үлес қосқандарға ризашылықтарын білдірді.
Аймақ басшысы «Кәусар» халық ұлт-аспаптар оркестрі және «Сұлуым» эстрадалық қыздар тобының концерттік бағдарламасын тамашалады.
Биыл өңірде бірқатар мәдени нысандар жаңартылды. Абай ауданының Қарауыл ауылындағы Мәдениет үйіне, Абай атындағы облыстық әмбебап кітапханаға, Абай атындағы театрға және Семей қаласындағы Ф.М.Достоевский атындағы әдеби-мемориалдық мұражайдың шатырына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Республикалық маңызы бар тарихи-сәулет ескерткіші саналатын облыстық тарихи-өлкетану музейінде күрделі жөндеу жұмыстары басталды.
2025 жылы аймақтың мәдени инфрақұрылымын дамыту мақсатында республикалық бюджет есебінен бес жаңа нысанның құрылысына қаржы бөлінді. Атап айтқанда, Үржар ауданындағы Жоғарғы Егінсу ауылында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 100 орындық клубтың құрылысы аяқталуға жақын. Сондай-ақ Бородулиха ауданының Камышенка, Новопокровка, Бесқарағай ауданының Беген, Глуховка және Ерназар ауылдарында, Ақсуат ауданының Көкжыра ауылында жаңа Мәдениет үйлерінің құрылысы жүргізілуде.