Семейде орман тұқымбағы ашылды
«Бүкілқазақстандық ағаш отырғызу күні» экологиялық акциясы аясында Семей қаласындағы Бейбітшілік аралында жұмысын бастаған орман тұқымбағының ашылуына облыс әкімі Берік Уәли, «Семей орманы» мемлекеттік табиғи реверватының қызметкерлері, сала ардагерлері және белсенді жастар қатысты.
Нысанның жалпы аумағы 100 гектарды құрайды. Құрылысы 2026 жылдың желтоқсан айында аяқталады деп жоспарланып отыр. Тұқымбақта қылқан жапырақты және жапырақты ағаштардың егістік алаңы, жабық тамыр жүйесіне арналған контейнерлік жылыжай аймағы, шеберханалар, қоймалар, кеңселер салынатын болады. Сондай-ақ 3 гектар аумақта инженерлік желілер мен қосалқы алаңдар орналасып, 5 гектар жер аналық плантациялар мен тұқым бауына арналады.
Биыл облыста 65 мыңнан астам ағаш көшеті отырғызылды. «Семей орманы» аумағындағы өрттердің салдарын жою үшін жыл сайын 20 миллионнан астам қарағай егілуде. Бұл шаралар орман қорын қалпына келтіруге және экологиялық тепе-теңдікті сақтауға бағытталған. Жаңа орман тұқымбағы облысты көгалдандыруға сапалы отырғызу материалын қамтамасыз етіп, өңірдің экологиялық қауіпсіздігін арттыруға ықпал етеді. Сондай-ақ, Семей қаласының сол жағалауында жасыл белдеу құру көзделген.
Аймақ басшысы жоба өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға және орман қорын қалпына келтіруге бағытталған маңызды бастама екенін атап өтті.
Шараға қатысқан орман саласының ардагерлері тұқымбақтың Семей қаласы үшін маңызы зор екенін айтты.
Аймақ басшысы ашылу салтанатынан кейін орманшылармен және жастармен бірге ағаш көшеттерін отырғызуға қатысты. Шара барысында тұқымбаққа он мыңға жуық қылқан жапырақты және жапырақты ағаштар егілді.
«Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында өңірде жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Абай облысында 44 іс-шарадан тұратын өңірлік жоспар бекітілген. Облыста 2022-2024 жылдары 213 мыңнан астам ағаш отырғызылды. Семей қаласында алғаш рет 75 мың ағашты толық түгендеуді қамтитын дендрологиялық жоспар әзірленді.