Абай ауданында “Таза Қазақстан” эко-акциясы аясында 2000 түп ағаш отырғызылды
Абай ауданында “Таза Қазақстан” республикалық экологиялық акциясы қарқынды түрде жүзеге асуда. Бастаманың басты мақсаты табиғатты қорғау, жасыл желекті көбейту және тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті нығайту болып табылады.
Аталған акция аясында ауданның барлық ауылдық округтерінде күзгі ағаш отырғызу жұмыстары ұйымдастырылды. Нәтижесінде алма, мойыл және қылқан жапырақты ағаштардың 2000 түп көшеті жерсіндірілді. Жасыл белдеуді қалыптастыруға барлығы 510 адам тартылып, 15 арнайы техника жұмылдырылды.
Ағаш отырғызу шараларымен қатар, елді мекендер аумағында кең көлемді тазалық жұмыстары жүргізілді. Тұрғындар мен белсенділердің қатысуымен шамамен 12 тонна қоқыс жиналып, арнайы орындарға шығарылды.
Табиғатты аялауға бағытталған мұндай игі істер ауданның экологиялық ахуалын жақсартуға, қоршаған ортаны қорғауға және қоғамдағы жауапкершілік мәдениетін арттыруға өз үлесін қосады.
Акцияға белсене қатысқан барлық азаматтарға зор алғыс білдіріледі. Таза, жасыл және жайлы орта қалыптастыру жолындағы бірлескен еңбектің маңызы зор.