«Таза Қазақстан» эко-акциясы аясында Саржалда саябақ ашылды
Абай ауданында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы тұрақты түрде жүзеге асырылып, ауылдардың келбетін жақсартуға және экологиялық мәдениетті нығайтуға бағытталған кең ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Сол игілікті бастамалардың нәтижесі ретінде Саржал ауылында жаңа орталық саябақ халық игілігіне ұсынылды.
Бұл нысан аудан әкімі Мейіржан Серікбосынұлының бастамасымен өткен жылы ұйымдастырылған «Үздік ауыл – 2024» байқауының нәтижесінде іске асты. Байқауға ауданға қарасты 8 ауылдық округ қатысып, олардың ішінде Саржал ауылы бас жүлдені жеңіп алған болатын. Жүлде ретінде табысталған 20 млн теңге ауыл тұрғындарының ортақ шешімімен абаттандыру жұмыстарына бағытталып, сәнді саябақ салынып шықты.
Саябақта тұрғындардың демалысын тиімді ұйымдастыруға барлық жағдай жасалған. Жайлы орындықтар, жарықтандыру шамдары, әсем ландшафтық дизайн, жаяу жүру және балалардың ойын алаңдары қарастырылған. Таза ауада серуендеп, отбасылық уақытты мазмұнды өткізуге қолайлы орта қалыптасты.
Салтанатты ашылу рәсімі жоғары деңгейде ұйымдастырылып, ауыл халқына мерекелік көңіл-күй сыйлады. Шарада тұрғындар жаңа демалыс орнының ашылуын қуанышпен қабылдап, игі істің жүзеге асуына атсалысқандарға алғыстарын білдірді.
Сондай-ақ, жиын барысында дәстүрге айналған «Үздік ауыл – 2025» байқауының да қорытындысы жарияланды:
• І орын – Көкбай ауылдық округі (15 млн теңге)
• ІІ орын – Қасқабұлақ ауылдық округі (10 млн теңге)
• ІІІ орын – Тоқтамыс ауылдық округі (7 млн теңге)
• ІІІ орын – Саржал ауылдық округі (7 млн теңге)
Аудан әкімі Мейіржан Серікбосынұлы өз сөзінде ауылдардың өркендеуі – ел болашағының жарқын болуына қосылатын зор үлес екенін атап өтіп, бастамаға белсенді қатысып, туған жердің дамуына үлес қосқан тұрғындарға ризашылығын білдірді.
Саржалдың жаңа саябағы ауыл халқы үшін қуаныш сыйлаған маңызды нысан ғана емес, сондай-ақ экологиялық мәдениет пен көркейту жұмыстарының табысты жүзеге асуының айқын дәлелі болды.








