Cемей-1°С
Ауа-райы
  • Абай2°С
  • Аягөз-5°С
  • Ақсуат-3°С
  • Бородулиха-5°С
  • Қалбатау-4°С
  • Курчатов7°С
  • Көкпекті-3°С
  • Үржар4°С
525.28 607.85 6.47

Жаңасемей ауданында дін саласындағы түсіндіру жұмыстары жүргізілді

12-05-2025, 11:55 018.kz

Мәдениет және ақпарат министрлігінің Дін істері комитетінің қолдауымен Республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері Жаңасемей ауданы тұрғындарымен бірқатар кездесулер өткізді.

Республикалық топ құрамында Астана қаласы әкімдігінің Діндерді зерттеу орталығының теологы Арман Нұрахметұлы және Абай облысы Дін мәселелерін зерттеу орталығының директоры Мақсат Өмірханов болды.

Кездесулер ауданның бірнеше елді мекендерін қамтыды: Мұқыр, Достық, Жиенәлі, Озерки ауылдары мен Шаған кентінде тұрғындармен жүздесулер ұйымдастырылды.

Іс-сапардың негізгі мақсаты – халықтың дінтанулық сауаттылығын арттыру, деструктивті діни идеологиялардың алдын алу және қоғамда рухани қауіпсіздікті нығайту болды.

Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары мектеп мұғалімдері мен оқушылары, спортшылар, мемлекеттік мекеме қызметкерлері және жұмыссыз азаматтарды қамтыды. Кездесулер барысында қатысушыларға теріс ағымдардың белгілері, олардың қоғам мен отбасыға тигізер зардаптары жөнінде түсіндірме беріліп, радикалдық идеяларға қарсы иммунитет қалыптастыру жолдары айтылды.

Сонымен қатар, Жаңасемей ауданының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Роллан Кемербаев сөз алып, дін саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарына тоқталды. Ол әлеуметтік желілерде тарайтын күмәнді ақпараттарға сын көзбен қарап, ресми дереккөздерге ғана сенуге шақырды.

Бұл кездесулер дін мәселелеріндегі қоғамның ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және жастар арасында зайырлы сана мен рухани тұрақтылықты нығайтуға бағытталған маңызды қадам болды.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив