Жаңасемейлік өнерпаздар «Art Open-2025» облыстық хореографиялық байқауында жүлдегер атанды
Халықаралық би күніне орай Абай облысының мәдениет басқармасының қолдауымен өткен «Art Open-2025» атты ІІ облыстық хореографиялық өнер байқауында Жаңасемей ауданының өнерпаздары зор жетістікке қол жеткізді. Байқау аймақтың түкпір-түкпірінен келген талантты бишілер мен шығармашылық ұжымдарды бір сахнада тоғыстырып, өнер бәсекесіне айналды.
Би өнерінің мерекесіне айналған бұл додада Жаңасемей аудандық мәдениет үйінің «Милашки» үлкен би тобы ерекше дарынымен, сахнадағы үйлесімді қимыл-қозғалысымен және орындаушылық мәдениетімен көрермен мен қазылар алқасының көңілінен шықты. Жоғары деңгейде өнер көрсеткен ұжым ІІ орын иеленіп, аудан мерейін асқақтатты.
Қазылар алқасы ұжымның сахнаға дайындығын, би композициясының мазмұндылығын және эмоциялық әсерін жоғары бағалады. Ал көрермендер «Милашки» тобының жарқын бейнесі мен кәсіби қимылдарын зор қошеметпен қарсы алды.
Байқауға облыстың барлық аудан-қалаларынан ондаған би ұжымдары қатысып, халық билерімен қатар заманауи хореография, классикалық және этно-би бағыттарында өнер көрсетті. Әрбір қатысушы өз шығармашылығы арқылы қазақ би өнерінің байлығын және ұлт мәдениетінің даралығын паш етті.
Бұл жетістік – Жаңасемей ауданы мәдениет саласының дамуының нақты нәтижесі әрі жастардың өнерге, әсіресе хореографиялық бағытқа деген қызығушылығының арта түскенінің айқын дәлелі.
Жаңасемей аудандық мәдениет үйінің ұжымы би тобының жеңісін аудан абыройын көтерген үлкен табыс деп бағалап, алдағы уақытта да шығармашылық ұжымдарға қолдау көрсетілетінін жеткізді.
«Art Open-2025» байқауындағы жеңіс — жас таланттардың еңбегі мен рухани бірлігінің жемісі. Бұл жетістік Жаңасемей өнерпаздарының сахна мәдениеті мен кәсіби деңгейінің жаңа белеске көтерілгенін көрсетті.




