Cемей-4°С
Ауа-райы
  • Абай2°С
  • Аягөз-5°С
  • Ақсуат-3°С
  • Бородулиха-5°С
  • Қалбатау-4°С
  • Курчатов7°С
  • Көкпекті-3°С
  • Үржар4°С
525.28 607.85 6.47

Туған жерге – жасыл тарту: Қайнар ауылында 300-ден астам тал отырғызылды

1-05-2025, 15:45 018.kz

Жаңасемей ауданына қарасты Қайнар ауылында 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай экологиялық және рухани мәні зор көгалдандыру акциясы өтті. «Туған жерге – жасыл тарту» атты бұл шара ауыл тұрғындарының ұйымшылдығын, табиғатқа деген сүйіспеншілігін және елге деген құрметін айқын көрсетті.

Акцияны ауылдың бұрынғы түлектері ұйымдастырып, туған жердің игілігіне үлес қосу мақсатында «Жасыл Қайнар» қоғамдық қорын құрды. Қордың негізгі мақсаты – экологиялық мәдениетті дамыту, табиғатты қорғауға бағытталған тұрақты бастамаларды жүзеге асыру және ауылдың көркейіп, гүлденуіне қолдау көрсету.

Шара барысында ауылдағы маңызды нысандардың айналасы абаттандырылды. Мектеп, мәдениет үйі және емхана маңына 300-ден астам сәндік ағаштар мен тал көшеттері отырғызылды. Іс-шараға ауыл тұрғындары, жастар, ұстаздар мен еріктілер белсене атсалысты.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл бастама – тек табиғатты көгалдандыру ғана емес, жас ұрпаққа туған жерге деген сүйіспеншілік пен қамқорлық сезімін дарытатын өнегелі іс.

«Біздің мақсатымыз – Қайнарды көркейтіп қана қоймай, ауылдың әр тұрғынына экологиялық жауапкершілік сезімін қалыптастыру. Бұл бастама жыл сайын дәстүрге айналса, ауылымыз одан әрі жасыл түске бөленеді», – деді «Жасыл Қайнар» қорының өкілдері.

Жергілікті тұрғындар да игі істі қуана қолдап, тал отырғызу жұмыстарына белсенді қатысты. Акция соңында қатысушылар отырғызылған ағаштарға су құйып, күтімін ұйымдастыруды өз мойындарына алды.

«Туған жерге – жасыл тарту» акциясы Қайнар ауылында экологиялық мәдениетті қалыптастырумен қатар, елдің бірлігі мен ынтымағын айшықтаған ерекше оқиға болды.

Бұл игі бастама алдағы уақытта басқа ауылдарда да жалғасын тауып, Жаңасемей ауданының жасыл аймаққа айналуына үлес қоспақ.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив