«Менің қалам – менің жауапкершілігім»: Абай облысында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған ақпараттық акция өтті
«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасы аясында жастар ресурстық орталығының мамандары қала тұрғындары арасында экологиялық мәдениетті арттыру мақсатында «Менің қалам – менің жауапкершілігім» атты ақпараттық акция өткізді.
Аталған іс-шараның негізгі мақсаты – тұрғындарға қоршаған ортаны қорғаудың маңыздылығын түсіндіру, аула мен қоғамдық кеңістіктердің тазалығын сақтауға әр азаматтың жеке жауапкершілігін қалыптастыру. Акция барысында жастар ресурстық орталығының мамандары тұрғындармен тікелей тілдесіп, тазалық сақтау, қоқысты белгіленбеген жерге тастамау, қоғамдық орындарға ұқыпты қарау жөнінде 400-ден астам ақпараттық парақшалар таратты.
Ақпараттық материалдарда экологиялық мәдениет, тұрмыстық қалдықтарды дұрыс басқару, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған қарапайым, бірақ маңызды қағидалар қамтылған. Мамандар тұрғындарға тазалықтың тек коммуналдық қызметтердің міндеті емес, әрбір азаматтың күнделікті жауапкершілігі екенін жеткізді.
Жастар ресурстық орталығының маманы Талшын Жаманқұлова акцияның маңыздылығына тоқталып, тазалық тек сенбілікпен шектелмейтінін атап өтті.
«Бұл акцияның басты ерекшелігі – ақпарат арқылы санаға әсер ету. Тазалық бір күндік сенбілікпен шектелмейді. Әр адам өз ауласына, өз қаласына жауапкершілікпен қараса ғана «Таза Қазақстан» бағдарламасының негізгі мақсаты орындалады. «Менің қалам – менің жауапкершілігім» деген ұстаным әр тұрғынның өмірлік қағидасына айналуы тиіс», – деді жастар ресурстық орталығының маманы.
Іс-шара барысында тұрғындар тарапынан да оң пікірлер айтылып, экологиялық тақырыптағы ақпараттық парақшаларға қызығушылық танытылды. Көпшілік мұндай түсіндіру жұмыстары әсіресе жастар мен балалар арасында экологиялық тәрбие қалыптастыруда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, ақпараттық акциялар қоғамда экологиялық сананы арттыруға, тұрғындардың қоршаған ортаға деген көзқарасын өзгертуге ықпал етеді. Алдағы уақытта «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында осындай ақпараттық-түсіндіру шаралары жүйелі түрде жалғасын табатын болады.
Экологиялық мәдениет – әрбір азаматтың ішкі жауапкершілігінен басталады. Ал «Менің қалам – менің жауапкершілігім» акциясы осы жауапкершілікті қалыптастыруға бағытталған нақты қадамдардың бірі.
#ТазаҚазақстан #устойчивоеразвитие #чистаястрана #экология #TazaChallenge @TazaQazaqstan




