Мәулен Әшімбаев: Мемлекет басшысының ауылды дамыту жөніндегі тапсырмаларының сапалы орындалуын қамтамасыз ету аса маңызды
Парламент Сенатының Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда күн тәртібіне шығарылған заңдар топтамасы қаралды. Сондай-ақ сенаторлардың ауылдық аумақтарды дамыту және ұлттық бағдарламалар мен жобаларды іске асыру мәселелеріне қатысты депутаттық сауалдарына Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі орынбасарының ауызша жауабы тыңдалды.
Мемлекет басшысының барлық геологиялық ақпаратты жүйелеу мен цифрландыруға қатысты тапсырмаларын іске асыру аясында депутаттар «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екі оқылымда қарады. Отырыста атап өтілгендей, заң жер қойнауын игеруге инвестициялар тарту бөлігінде жер қойнауын пайдалану жүйесін одан әрі жетілдіруге, жер қойнауын пайдалану процестерінің ашықтығы мен цифрландырылуын арттыруға бағытталған.
«Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген бұл заңның міндеті – еліміздің минералдық-шикізаттық базасының тұрақты дамуын қамтамасыз ету. Осы мақсатпен жер қойнауын пайдаланудың ақпараттық жүйесі ретінде қолданылатын Бірыңғай платформаның қызметі реттеліп отыр. Геология саласындағы мемлекеттік басқаруды және инвестициялық артықшылықтар тетіктерін жетілдіруге арналған нормалар да бар. Экологиялық тәуекелдерді жою мәселесі де назардан тыс қалмады. Жалпы, заң жер қойнауын пайдаланудың ашықтығына және саланы цифрландыруды арттыруға оң ықпалын тигізеді деп сенеміз», – деп, Мәулен Әшімбаев мақұлданған заң жөнінде пікір білдірді.
Заңдағы жаңа нормалардың бірі ірі өнеркәсіптік-инновациялық жобаларды іске асыратын стратегиялық инвесторлар үшін пайдалы қатты қазбаларды барлау мен өндіруге басым құқықты бекіту екенін де атап өткен жөн.
Отырыста қаралып, мақұлданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының шешімдерін орындау және заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң да Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру үшін әзірленген. Құжат сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, мемлекеттік қызмет, заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару, жер пайдалану құқықтарын мұраға қалдыру, сондай-ақ, алименттік міндеттемелерді орындау мәселелерін қамтиды.
«Қаралған заң Конституциялық Соттың шешімдерін іске асыруды және Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауды көздейді. Осы мақсатпен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды, мемлекеттік қызметті және заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтаруды реттейтін заңдардың ережелері қайта қаралып, жетілдірілді. Енгізілген түзетулер заңдылық қағидатын қамтамасыз етуге, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерінің қосымша қорғалуына оң әсерін тигізеді деп сенеміз», – деді Сенат Төрағасы.
Депутаттар бастамашы болған және бүгін екі оқылымда қаралып, мақұлданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және білім беру-сауықтыру қызметтері мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңда тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау, сондай-ақ, кәмелетке толмағандарға білім беру және сауықтыру қызметтерін көрсететін қосымша білім беру ұйымдарының қызметін жетілдіру жөніндегі бірқатар маңызды норма қарастырылған.
«Парламент депутаттары бастамашы болған заң тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғауды және білім беру, сауықтыру қызметтері саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіруді көздейді. Түзетулер аясында Ұлттық археологиялық қызметтің міндеттерін айқындайтын ережелер қарастырылды. Осы саладағы арнайы ақпараттық жүйені қолдану ерекшеліктері де белгіленді. Сонымен қатар кәмелетке толмағандарды бейiмдеу орталықтарының қызметін жетілдіруге арналған нормалар бар. Заңның мақұлдануы тарихи-мәдени мұра объектілерін қосымша қорғауға, оларды тиімді пайдалануға және балалардың заңды мүдделерін қамтамасыз етуге өз септігін тигізеді деп сенеміз», – деді Палата Спикері.
Сенаторлар қарап, мақұлдаған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне архив ісі және құқыққа қайшы контенттің таралуын шектеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның маңызды міндеттерінің бірі балалардың психикалық және моральдық дамуын қорғау екенін атап өткен жөн. Өскелең ұрпақтың психикасын күмәнді ақпараттан қорғау үшін заңда ашық кеңістікте бұқаралық ақпарат құралдарын, телекоммуникация желілері мен онлайн-платформаларды пайдалана отырып, педофилия мен дәстүрлі емес жыныстық бағдарды насихаттайтын ақпарат орналастыруды шектеу жөніндегі нормалар көзделген. Заң құжаттарды цифрлық мұрағатқа сақтауға беру және жүргізу тәртібін де регламенттейді. Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасының сақталуын қамтамасыз ету үшін жеке және заңды тұлғалардың бірлесіп қаржыландыруды қоса алғанда, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен жасалатын және тарихи-мәдени, ғылыми құндылығы бар аудиовизуалды құжаттардың міндетті даналарын мемлекеттік архивтерге беруі жөніндегі норма бекітілді.
Отырыс барысында «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы» заң да екі оқылымда қаралды. Аталған құжат энергетикалық қуатты қолдауға, халық пен кәсіпорындардың экономикалық мүдделерін қорғауға арналған. Сенаторлар атап өткендей, заңды мақұлдау қаражатты аса маңызды қажеттіліктерге қайта бөлуге, өндірістік қызметті қолдап, жақсартуға және әлеуметтік міндеттемелерді орындау үшін қаражатты қайта инвестициялауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар депутаттар «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» заңды және оған ілеспе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық бұзушылық профилактикасы және Қазақстан Республикасы заңнамасының жекелеген салаларын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», сондай-ақ, «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарды қарап, мақұлдады. Мәулен Әшімбаев атап өткендей, бұл заңдар профилактиканың ерте алдын алуға бағытталған жаңа жүйесін құруға, азаматтардың қоғамдық қауіпсіздігін арттыруға, заңға бағынатын тәртіп және зорлық-зомбылық пен құқық бұзушылықтарға төзбеушілікті қалыптастыруға, қоғамның құқықтық тәртіп институттарына деген сенімін нығайтуға жол ашады.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы Жолдауында «Заң мен тәртіп» қағидаты мемлекетіміздің мызғымас тұғыры екенін айрықша атап өтті. Қаралған заң қоғамда осы қағиданы орнықтырудың маңызды құқықтық тетігі болып саналады. Заңның басты міндеті – құқық бұзушылықтың алдын алуда адам құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау. Осыған байланысты жаңа жеке заң аясында құқық бұзушылық профилактикасына жауапты мемлекеттік органдар айқындалып отыр. Олардың құзыреттері жан-жақты реттелген. Ілеспе заңдардың аясында негізгі заңды жүзеге асыруға арналған, сондай-ақ, өзге де маңызды нормалар топтамасы қамтылды. Заңның қабылдануы құқық бұзушылықтардың алдын алу жүйесін жетілдіруге және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге оң ықпалын тигізеді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.
«Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы» және «Жол жүрісі туралы» заңдарға енгізілген түзетулерге сәйкес жол қозғалысына қатысушыларды жалға берілетін электрсамокаттар жүргізушісінің заңсыз әрекеттерінен қорғауға баса мән беріліп отыр. Осы мақсатпен электрсамокаттар оларды басқару үшін иелері азаматтық-құқықтық жауапкершілікті міндетті сақтандыруы қажет көлік құралдарының қатарына қосылады. Бұдан басқа, самокаттарды жалға берушілерге бірқатар міндет жүктелді. Атап айтқанда, электрсамокаттарға тіркеу нөмірін беру және орналастыру арқылы есепке алуды жүргізу, пайдаланушыларды сәйкестендіруді, олардың жарамды жүргізуші куәлігінің бар-жоғын тексеруді қамтамасыз ету, он сегіз жасқа толмаған және көлік құралдарын басқару құқығы жоқ немесе одан айырылған адамдардың электрсамокаттарын жолдың жүру бөлігінде жалға алуына және басқаруына жол бермеу, сондай-ақ, басқа да міндеттер қарастырылған.
«Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң арқылы енгізілген тағы бір жаңашылдық ретінде қоғамдық орындарда бет-әлпетті тануға кедергі келтіретін киім кию туралы заңнама талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын айта кеткен абзал. Алғашында ескертумен шектелсе, қайталап жасағаны үшін 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынбақ. Сондай-ақ заңда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, рецидивтік қылмыстың, мас күйінде жасалатын құқық бұзушылықтардың, қоғамдық орындардағы құқық бұзушылықтардың, экономикалық құқық бұзушылықтардың, сондай-ақ, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, балалардың қадағалаусыз, панасыз қалуының алдын алу ерекшеліктері назарға алынған.
Сонымен бірге Палата отырысында Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың сенаторлардың депутаттық сауалдарына ауызша жауабы тыңдалды. Айта кетейік, бұған дейін Сенат депутаттары Үкіметке «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында қаражаттың пайдаланылуын бақылауға және «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының жекелеген ережелерін іске асыруға қатысты сауалдарын жолдаған болатын.
Сенат Төрағасы өз сөзінде ауылдарды дамыту экономикалық, әлеуметтік және мәдени маңызымен қатар Қазақстанның өркендеуі жолында стратегиялық мәнге ие екенін тілге тиек етті. Мемлекет басшысы өз Жолдауында бұл саланы ілгерілетудің басым бағыт екенін үнемі айтып келеді. Сондықтан Мәулен Әшімбаев сенаторлар көтерген мәселелерді шешу үшін кешенді тәсіл мен жіті назар қажет екенін айтты.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ауылдық жерлердің әлеуетін арттыруға үнемі баса мән беріп келеді. Мемлекет басшысының сайланғаннан кейінгі алғашқы Жарлықтарының бірі ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасын бекітуге арналғаны да белгілі. Бүгін сенаторлар ауылда сапалы инженерлік инфрақұрылымның жеткіліксіз екенін, әлеуметтік нысандардың жағдайын, жол мәселелерін көтерді. Тиісті бағдарламаларға бөлінетін бюджет қаражатын тиімді пайдалану, төртінші деңгейлі бюджеттің дербестігін арттыру, шекара маңындағы ауылдардың болашағы мен кадр тапшылығы да назардан тыс қалған жоқ. Бәріміз бірлесіп, Президетіміздің осы салада берген тапсырмаларының сапалы орындалуын қамтамасыз етеміз деп сенемін», – деп, Мәулен Әшімбаев мазмұнды жауап үшін Премьер-Министрдің орынбасарына алғыс білдірді.