Абай облысында «Үлгілі ауыл» облыстық байқауының жеңімпаздарына 20 трактор табысталды
Бүгін облыс әкімі Берік Уәли «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында жарияланған облыстық «Үлгілі ауыл» байқауының жеңімпаздарын марапаттады. Шара барысында өңірдің 10 ауданы мен 10 ауылына салтанатты түрде JINMA 904A маркалы 20 жаңа трактордың кілті табысталды.
Байқау үздіктері «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында интернетпен қамту, абаттандыру мен көгалдандыруда креативті әдіс қолдану, тұрмыстық қалдықтарды басқаруды ұйымдастыру, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту, инфрақұрылымды, туризмді, саябақтар мен жасыл желектерді дамыту, үлгілі ауыл, тәртіп пен заңдылықты, мәдени мұраны сақтау, елді мекендер арасындағы жолдардың сапасы, сенбілік өткізу, халықты экологиялық іс-шараларға белсенді тарту, әлеуметтік нысандардың қолжетімділігін қамтамасыз ету, инвестиция тарту, экономикалық әлеуетті нығайту, қоғамдық орындардың тазалығы, меценаттармен белсенді жұмыс бағыттарында 20-ға жуық номинация бойынша анықталды.
Салтанатты шара барысында сөз сөйлеген аймақ басшысы тазалық мәдениетін қалыптастыру әр тұрғынның жауапкершілігі екенін айтты.
Естеріңізге сала кетейік, облыс әкімі Берік Уәли жыл басында өңір тұрғындарына арнайы бейнеүндеу жасап, жалпыөңірлік сенбілікке белсенді қатысуға шақырып, жыл соңында арнайы байқау өткізіліп, жеңімпаздар анықталатынын айтқан болатын.
Биыл облыста «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында ауқымды жұмыс атқарылды. Тазалық науқандарына 349 мыңнан астам тұрғын атсалысып, 52 мың тонна қалдық шығарылды. Көгалдандыру жұмыстарының нәтижесінде 70 мыңнан астам көшет егілді. Ғарыштық мониторинг арқылы анықталған 191 рұқсат етілмеген қоқыс орындары жойылды.










