Cемей-11°С
Ауа-райы
  • Абай2°С
  • Аягөз-5°С
  • Ақсуат-3°С
  • Бородулиха-5°С
  • Қалбатау-4°С
  • Курчатов7°С
  • Көкпекті-3°С
  • Үржар4°С
511 602.72 6.49

Семейде облыс әкімінің жаңа жылдық шыршасы өтті

Бүгін, 15:23 Думан Кенжеғазыұлы

Бүгін Семей қаласындағы «Арена» мәдени-спорт кешенінде «Ғажайыпқа толы Жаңа жыл!» атты облыс әкімінің шыршасы өтті. Мерекелік шараға өңірдің 150 оқушысы қатысты.

Аймақ басшысының дәстүрлі шыршасына 9-13 жас аралығындағы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан оқушылар, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар, сондай-ақ оқу, спорт, шығармашылық және қоғамдық іс-шараларда жоғары жетістікке жеткен үлгілі оқушылар шақырылды. Мерекелік шараға облыстың қала-аудандарынан, ұйымдардан, арнайы интернаттар мен мекемелерден келген балалар да қатысты.

Облыс әкімі Берік Уәли балаларды Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, лебізін жеткізді.

«Биыл шырша мерекесін жылдағыдан өзгеше өткізіп, балаларға жаңажылдық көңіл-күй сыйлау үшін облысымыздағы ең үлкен, сәулетті, архитектуралық келбеті келіскен «Арена» спорт кешенінде, керемет безендірілген шыршаның айналасында бастарыңызды қосып отырмыз. Өздеріңіз білесіздер, Абай елі – тұңғыштар мекені, Абай, Шәкәрім, Мұхтар дүниеге келген, алаш зиялыларының ізі қалған, алаштың астанасы болған қасиетті өлке. Осы жердің оқушылары қашанда барлық жағынан үлгілі, республикамызға танымал, облыстық, республикалық, халықаралық олимпиадаларға қатысып, жеңімпаз болады деп ойлаймын. Сабақтарыңызды жақсы оқып, үлгілі, озат болып жүре беріңіздер. Жаңа жыл құтты болсын!», – деді аймақ басшысы.

Бағдарлама аясында театрландырылған қойылым ұсынылып, аниматорлар мен балалар шығармашылық ұжымдары өнер көрсетті. Сонымен қатар Аяз Ата мен Ақшақардың қатысуымен ойындар мен байқаулар ұйымдастырылып, мерекелік концерт өтті.

Шыршаға қатысқан әр балаға облыс әкімі атынан 100 мың теңгенің сертификаты, тәттілер мен ойыншықтар салынған жаңа жылдық себет тарту етілді.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив