Тазалық – ортақ құндылық: Абай облысында экологиялық мәдениет нығаюда
2025 жылы «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында Абай облысында ауқымды тазалық жұмыстары жүргізілді
«Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында Абай облысында әр сенбі сайын тазалық акциялары ұйымдастырылды. Аталған шараларға өңірдің 350 мыңға жуық тұрғыны қатысып, бұл қоғамда экологиялық мәдениеттің қалыптасып келе жатқанын көрсетті.
Нәтижесінде облыс бойынша 182 мың аула, 3 055 саябақ пен сквер, сондай-ақ тарихи ескерткіштер тазартылып, 52 мың тонна қатты тұрмыстық қалдық сыртқа шығарылды. Бұл жұмыстар елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсартуға елеулі үлес қосты.
Аталған бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады. Себебі қоршаған ортаның тазалығы – тұрғындардың өмір сапасын арттырудың маңызды көрсеткіші.
Сонымен қатар, халық арасында тазалық мәселесіне қатысты ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту аса өзекті. Өйткені сана тазармайынша, қала мен ауылдың тазалығы толық қамтамасыз етілмейтіні белгілі.










