Cемей-13°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
498.34 519.72 4.85

Бүгін - ұлт жанашыры Халел Досмұхамедұлының туған күні

24-04-2023, 10:44 018.kz

Досмұхамедұлы Халел – алаштың көрнекті қайраткері, білімдар ғалым. Халел Досмұхамедұлы Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Тайсойған ауылында 1883 жылы туған. Ол 1894 ж. Орал әскери реальді училищесінің даярлық класына түсіп, 1902 ж. оны үздік аяқтайды. Баланың зеректігін көрген азаматтар оған Петербор Императорлық Әскери-медициналық Академиясына баруға кеңес береді. Жас Xалел 1903 жылы табандылығы мен білімдігінің арқасында осы Академияның студенті атанады. Петерборда жүріп Xалел маман ретінде де, қайраткер ретінде де шыңдалады. 1909 жылы Академияны тәмамдағанда, ол Петербордағы Әлихан, Мұстафа, Міржақып сынды қайраткерлермен және басқа да қазақ һәм мұсылман депутаттарымен қоян-қолтық араласып үлгерген саналы да салиқалы азамат болған. Досмұхамедұлы 1905 жылы-ақ Кадет (конституциялық-демократиялық) партиясына мүше болады. Алаш жұртының баянды болашағы үшін күресті сол кезең шындығы контексінде жүргізушілер жағында болады. Оралдың “Фикр” газеті төңірегіндегі татар зиялыларымен кеңесіп тұрады. 1909 ж. оқуын аяқтаған соң алғаш Пермьде, сонан соң 2-Түркістан, 2-Орал қазақ атқыштар батальонында әскери кіші дәрігер міндетін атқарады.

1913 ж. әскери міндеткерліктен босап, Темір уйезіне бөлімшелік дәрігер болып орналасады. Xалел осы уақыттан бастап бұрынғы саяси күресін одан әрі жандандырады. Қазақ зиялыларымен тығыз байланыс орнатып, отандық партия құру қамымен болады. Әлихан секілді, ол да халқына пайдасы жоқ кадеттен аулақтайды. 1913-1915 ж. келешек Алаш партиясының идеялык негізі қаланады. Қайраткер 1913 ж. жарық көре бастаған “Қазақ” газетіне белсене араласады. Күрескер жолдасы Жаһанша Досмұхамедұлы екеуі Әлихан ілгерілеткен Алаш қозғалысының дүмді ұстынына айналады. Х.Досмұхамедұлы 1917 ж. шілдеде Орынборда өткен Бірінші жалпықазақ сиезіне төрағалық етті. Аса күрделі 1917 ж. Оралда Алаш Орданың Батыс Қазақстан бөлімшесін құруға тер төкті.

Қазан төңкерісінен соң 1918 ж. ұлт автономиясы жөнінде В.И.Ленинмен және ұлт мәселесі бойынша халық комиссары И.В.Сталинмен жүзбе-жүз келіссөз жүргізген. Алаш Орданың жұмыс жасау мүмкіндігі тарылған. 1919-1920 жылдары Халел көбіне ізденіс үстінде болады. 1920 жылы Ташкентке келіп, Түркістан халық ағарту комисариаты жанындағы Білім, Ғылым комиссиясында, халық ағарту институтында, «Талап» мәдениетті дамыту қоғамында жұмыс жасайды. Осы кезеңнен Досмұхамедұлының ғылыми, кең ауқымдағы ағартушылық қызметі өрістей түседі. Жалпы Халелдің шығармашылық жолы 1911 ж. жариялаған “Киргизский управитель (картины современности)” мақаласынан (“Мусулманин”, 1911, № 24) басталады. 1913-1914 ж. ол “Қазақ” газетіне денсаулық туралы бірнеше материал жариялайды. “¥ран” газетін шығаруға да белсене араласады. Өмірінің Ташкент кезеңінде “Шолпан”, “Сәуле”, “Сана” журналы мен “Ақжол” газетіне жиі қатынасып тұрады. Тірнектеп жинаған материалдары негізінде “Мұрат ақын сөздерін” (1924), “Аламан” (1926), “Исатай-Махамбет” (1925) еңбектерін алғысөз, түсініктемелерімен бастыртады. М.Әуезов 1927 ж. Соңғы аталған еңбегінің баяншысын елеулі зерттеулерге қосқаны мәлім. Х. Досмұхамедұлының “Шернияз шешен” (1925), “Бүхарадағы Көгілташ медресесін салу туралы әпсана” (1927), Самарқандағы “Тіллэ – қари” мен “Ширдар” медресесін салғызған “Жалаңтөс батыр шежіресі” (1928) сияқты зерттеулері де ізденгіштігін көрсетсе керек. Сондай-ақ, ғалымның Абай жинағына (Ташкент, 1922), “Мұрат ақын сөздеріне” жазған түсініктемесі (Ташкент, 1924) ғылыми нақтылығымен, жүйелілігімен айрықшаланады. Оның 20-30 жылдардағы үлкен еңбегі – ағартушылығы. Ол 1922 ж. бастап “Жануарлар”, “Табиғаттану”, “Адамның тән тірлігі” тәрізді оқулық, зерттеулерін бірнеше дүркін бастыртты. Зоология, биология, анатомия, физиология сияқты ғылым салалары бойынша қазақ тілінде қаншама термин ойлап тапты. Сонымен бірге осы ғылымдардың қазақ топырағында орнығуының көшбасында тұрды. Xалелдің қазақ ғылымында тұңғыш рет М.Қашқари еңбегін, Кенесары – Наурызбайға қатысты Нысамбай жырын сөз етті. Оның “Қазақ тіліндегі сингармонизм заңы” атты зерттеуі – тіл білімінің осы саласындағы алғашқы еңбек. Қазақ хандығы тұсындағы жыраулар мұрасын құнттап жариялауда Xалел еңбегі орасан. “Ғалым, қайраткер Х.Досмұхамедұлының қазақ тарихындағы еңбегі қандай?” деген сұраққа былайша жауап беруге болады: Ол – Алаш қозғалысына белсене атсалысқан қайраткер, Қазақ автономиясын алуға күш-жігер жұмсаған азамат, “Ұран” ұлттық газетін шығаруға мұрындық болған, “Талап” мәдениет көркейтушілер қауымын ұйымдастырған тұлға, сонымен бірге 20-жылдары халық ағарту ісі мен ғылымның көшбасында тұрған санаткерлердін бірі. Осындай ірі ғалым 1937 ж. тоталитаризмнің қармағына ілініп. 1939 ж. ресми құжаттарға қарағанда, абақтыда “науқастан” дүние салған.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив