Мақаншы ауданында 140 орындық жаңа балабақша ашылды
Бүгін Мақаншы ауданының орталығы Мақаншы ауылында «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында 140 орындық «Інжу-Маржан» балабақшасының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Мейірлан Раханов қатысып, аудан тұрғындарын айтулы оқиғамен құттықтады. Өз сөзінде ол мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың маңызын атап өтіп, жаңа балабақшаның ашылуы – жас ұрпақтың сапалы білім мен саналы тәрбие алуына бағытталған нақты қадам екенін жеткізді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірде мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының қолжетімділігі мен сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты.
«Інжу-Маржан» бөбекжайы 6 топқа арналған. Балабақша заманауи талаптарға сай жабдықталған, мұнда балалардың жан-жақты дамуына барлық қажетті жағдай жасалған. Қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастырылған жаңа нысан бүлдіршіндер үшін тәрбиенің, білім мен мейірімнің алтын ұясына айналмақ.
Балабақшаның іске қосылуы аудан бойынша мектепке дейінгі ұйымдарға кезектілікті қысқартуға және 52 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді.
Салтанатты шара барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Советхан Қалиев құттықтау сөз сөйлеп, балабақша – тәрбиенің алғашқы баспалдағы, адамгершілік пен білімнің негізі қаланатын қасиетті орда екенін атап өтті. Аудан жұртшылығы облыс басшылығына алғыс айтып, жылы лебіздерін білдірді.



