Атырауда Халел Досмұхамедовтың 140 жылдығы аталып өтті
Атырау университетінде көрнекті ғалым, қоғам және мемлекет қайраткері, ағартушы, педагог, дәрігер, профессор Халел Досмұхамедовтың туғанына 140 жыл толуына орай «Халел Досмұхамедов мұрасы және қазіргі қазақ қоғамы» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.
Көлемді шара оқу орнының алдындағы Халел Досмұхамедовтың ескерткішіне гүл шоғын қою салтанатты рәсімінен басталып, Алаш қайраткерінің өмірі мен шығармашылығы жан-жақты зерттелген көлемді конференцияға ұласты.
Шарада Қырғызстан Республикасы Бішкек қаласы И.Аралбаев атындағы Қырғыз мемлекеттік университетінің «Арабаевтану» орталығының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Жумагул Байдилдеевтің бауырлас «Алашорда» және «Талап» қозғалыстары жөнінде жазған «Түрк дүйнөсүндөгү Кыргыз-Казак «Талап» коому» кітабының тұсауы кесілді. Сондай-ақ, факультетінен Халел Досмұхамедовтың есімі берілген С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық университетіне қайраткердің портреті сыйға тартылды.
Жиында Атырау облысында Халел Досмұхамедовты насихаттау бойынша алдағы уақытта оның мұражайы ашылып, энциклопедиясы шығарылатыны және ол туып-өскен Қызылқоға ауданы Миялы селосында ескерткіші салынатыны белгілі болды. Сондай-ақ, халелтанушы ғалым Ғарифолла Әнес Халел Досмұхамедовтың он жылдан кейін атап өтілуі тиіс 150 жылдығын ЮНЕСКО шеңберінде атап өту жөнінде ұсыныс білдірді.